2024 жылғы 13 желтоқсан.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысына сапары Қаратал ауданында жалғасты. Мемлекет басшысы Ескелді би ауылында биыл пайдалануға берілген мәдениет үйі мен спорт кешенінің ғимараттарын аралап көрді, «Замануи білім беру» журналы Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жергілікті бюджет есебінен бой көтерген 150 орындық мәдениет үйінде кітапхана, әжелер мен домбырашылар ансамбльдері, би үйірмесі секілді ұжымдар орналасқан.
Мемлекет басшысы ауыл кітапханасымен танысты. Сондай-ақ өнерпаз балалармен жүздесіп, еліміздің лайықты азаматы болып өсуіне тілектестік білдірді.
Президент мәдениет үйіне музыкалық жабдықтар мен суретші Ә.Баяндиннің картинасын тарту етті.
Биыл облыстың шалғай ауылдарындағы бес мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, сегіз клуб жаңадан салынған.
Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту мақсатында елді мекендерде 15 шағын спорт нысаны ашылды.
Соның бірі – Ескелді би ауылындағы спорт кешені. Ауыл тұрғындары мұнда тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы үйірмелеріне, бокс, күрес, волейбол, баскетбол секцияларына қатысады.
Президент ауыл балаларымен әңгімелесіп, мемлекет тарапынан өскелең ұрпақтың алаңсыз білім алуына, спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Үштөбе қаласында орналасқан Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке барды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа мектеп директоры Ләззат Испанова оқушылардың жетістіктері туралы айтып, жазушы мұражайымен таныстырды. 1997 жылы құрылған музейге қаламгердің тұтынған заттары, фотосуреттері, құжаттары мен кітаптары қойылған. Президентке жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған зияткерлік ойын және повестерінің желісі бойынша шағын қойылым көрсетілді.
Мемлекет басшысына «Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры» атқарған жұмыстар жөнінде баяндалды. Биыл Қордың құрылғанына 15 жыл толып отыр.
12 желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорған қаласының іргесіндегі Ынтымақ ауылында биыл пайдалануға берілген №30 мектепті аралап көрді.
1200 оқушыға есептелген білім ошағының құрылысы жергілікті бюджеттің және Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен қаржыландырылған.
Заманауи үлгіде жабдықталған мектепте 77 оқу кабинеті, мультимедиа сыныптары, спорт, гимнастика, мәжіліс пен кітапхана залдары, ағаш, металл және тігін шеберханалары бар.
Президент жаңа оқу ордасын аралап көріп, оқушылармен әңгімелесті. Мемлекет басшысы мектепке автобус сыйға тартты.
Жалпы, биыл Жетісу облысында 3 жаңа мектеп ашылған. Оның ішінде екеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды. Атап айтқанда, Панфилов ауданының Жаркент қаласында 1200 орындық, Көксу ауданының Қаратал ауылында шағын жинақты мектеп пайдалануға берілді. Қазіргі кезде облыс бойынша 5 білім ошағының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Comentarios