Ақордада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалық етуімен әскери-патриоттық тәрбие беру мәселесі жөнінде жиын өтті.
Басқосуға Қорғаныс, Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің басшылығы, Бас прокуратура, Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері мен Парламент депутаттары қатысты.
Жиында Мемлекет басшысының әскери-патриоттық тәрбие саласындағы бастамаларын тиімді жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Ерлан Қарин мемлекеттік органдар ішкі саясат бағытындағы жұмыстары аясында әскери-патриоттық тәрбие беру бойынша жекелеген іс-шаралар ұйымдастыруды қолға алғанына назар аударды.
Атап айтқанда, мектептерде тәрбие жұмысының жаңа бағдарламасы жүзеге асырыла бастады, Парламент депутаттары тиісті заң жобасын қарастырып жатыр, Қорғаныс министрлігі Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледі.
Мемлекеттік кеңесші атқарылып жатқан жұмысты жүйелеу және бір жерден үйлестіру қажет екенін айтты. Бұл ретте Ерлан Қарин, ең алдымен, тұжырымдамалық негіздемені айқындау, құқықтық базаны қалыптастыру және барлық мемлекеттік органдар мен институттардың бірыңғай іс-қимыл жоспарын әзірлеу міндеттерін айқындады.
Жиын соңында Мемлекеттік кеңесші жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріп, әскери-патриоттық тәрбие саласындағы жұмыс тәсілдерін жетілдіру үшін мұндай басқосулар тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті.
Comentarios