Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектепке әлеуметтік осал топтарға форма емес, ақшалай көмек беруді ұсынды. Бұл туралы министр әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Министрдің айтуынша, "Жалпыға міндетті білім беру" қорының аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізуге бастама жасалды.
"Қазіргі күні "Жалпыға бірдей білім беру" қоры халықтың әлеуметтік осал топтарына киім-кешек, аяқ киім, оқу құралдарымен қамтамасыз ету арқылы көмек көрсетеді. Енді бұл көмекті ақшаға айналдырып, ата-ананың шотына аудару ұсынылып отыр. Яғни ата-аналар балаларын мектепке дайындау үшін ең қажетті заттарды өздері сатып ала алады", – деп жазды Аймағамбетов.
Ол мұндай шешімді қолдағандар да, оған қарсы шыққандар да көп екенін айтты. Одан бөлек министр әлеуметтік қызметтер порталының іске қосылғанын бірнеше жыл күткенін жеткізді.
Бұл жүйе арқылы қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауға болады. Одан бөлек ата-аналар осы маркетплейстен балаға қажетті заттарды ғана сатып алып, оны электронды ақшамен төлей алады. Ал өз кезегінде министрлік транзакцияларды бақылауда ұстайды.
"Алайда ісіне адал емес басшылардың мұқтаж жандарға өлшемі үлкен немесе кіші, одан қалса сапасы өте нашар киім-кешек сатып алғаны сияқты фактілер бар. Мұндай жағдайлар бізді әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылғанын күтпей-ақ, көмекті ақшаға айналдыруға міндеттейді", – деген министр көмек ретінде берілетін мектеп формасын сынға алды.
Ведомство басшысының айтуынша, әлеуметтік қызметтер порталының іске қосылуына қарсылық білдіргендер ата-аналардың кейбірі бөлінген қаражатты басқа қажеттіліктерге жұмсауы мүмкін деген пікірде.
"Қазіргі жүйе арқылы кейбір азаматтар алған киімдерін немесе басқа керек-жарақтарын қайта сатып, қаражатты басқа мақсаттарға жұмсауы мүмкін. "Жалпыға бірдей білім беру" қорының жұмысын ұйымдастыру және көмек көлемін белгілеу әкімдіктердің құзырында және олардың есебіне қарай көмек мөлшері өзгеріп отырады (15 мыңнан 41 мың теңгеге дейін)", – деді Аймағамбетов.
Министр ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес көмектің мөлшерін белгілеу ұсынылып отырғанын жеткізді.
"Жалпыға міндетті білім беру" қоры аясында отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатын балалар, егер отбасы атаулы әлеуметтік көмек алмаса, бірақ жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен болса, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайға тап болған отбасынан шыққан балалар және әр мектепте алқалы органның шешімі бойынша айқындалатын басқа да санаттар материалдық көмек алады", – деп қорытындылады сөзін министр.
Commenti