top of page
Search

МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай Алматы қаласындажастармен кездесті



Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Алматы қаласына жұмыс сапарымен болып, жас мемлекеттік қызметшілер, жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттерімен кездесті.


Кездесу барысында МҚІА төрағасы Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан «Қазақстан – барша азаматтарымыздың ортақ Отаны, қастерлі мекені. Оның қай түкпірі де – біздің туған жеріміз. Жастар еліміздің барлық аймағын бірдей жақсы көріп, тұтас еліміздің дамуына үлес қосқаны абзал» деген сөзіне тоқталып, бүгінде мемлекеттік қызметке елге жанашыр, қоғамға адал еңбек ететін креативті жас мамандар қажеттілігін айтты.  


Агенттік төрағасы жастар үшін мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа мүмкіндіктерін айта келе, жоғары оқу орындарының үздік түлектерін аудандық және ауылдық жерлерде төменгі лауазымдарға конкурстан тыс тікелей тағайындауға мүмкіндік беріліп отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылдың басынан бері жоғары оқу орындарының 124 түлегі мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданып отыр.


Дархан Жазықбай биылғы жылдың наурыз айынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде жас басқарушылар пулын қалыптастыруға бағытталған Өңірлік кадр резервтеріне іріктеудің басталғанын айтты.


МҚІА төрағасы үміткерлерге 24/7 онлайн режимінде, кез келген уақытта және кез келген жерден конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретін «e-Qyzmet» жүйесіндегі мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа форматы туралы баяндады. Өткен жылы онлайн жүйе бойынша бір орынға қатысушылардың үлес көрсеткіші 4,6 адамды құрап, қолданыстағы (1,7 адам) іріктеу тәртібімен салыстырғанда қатысушылардың саны 2,7 есеге артты. Бұл, азаматтардың жаңа жоба аясында мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы біршама артқанын көрсетіп отыр.


Алматы қаласында талантты жастарға мемлекеттік қызметтің ерекшеліктерін түсіндіру және оларды оған тартуға ынталандыратын жас мемлекеттік қызметшілердің мектебі жұмыс жасауда. Агенттік төрағасы жастарды мұның жұмысына белсенді атсалысуға шақырды.  


Кездесуге қатысушылар салаға қатысты қойған сұрақтарына байыпты жауаптар алды.

Сондай-ақ сапар барысында МҚІА төрағасы қала тұрғындарына қызмет көрсететін Медеу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.


Жұмыс сапарының соңында Дархан Жазықбай Агенттіктің аумақтық департаменті және Мемлекеттік басқару академиясының филиалының ұжымымен кездесіп, департамент басшылығына мемлекеттік қызмет көрсету сапасына мониторинг жүргізу және мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша жұмыстарды тиянақтауды тапсырды.



Comments


bottom of page