2024 жылдың 14 маусымында Қонаев қаласында ғалым Нұрша Алжанбайқызының қазақ руханиятының қайнар көзі болған Алаш зиялыларының идеяларына негізделіп жасалған «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының негізінде «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» халықаралық олимпиадасы өтті. Олимпиада «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында Білім мазмұнын дамыту институтының ұйымдастыруымен өткізілді.
Биылғы жылы олимпиадаға республиканың түкпір-түкпірінен жалпы саны 216 оқушыдан тұратын 109 команда қатысты. Қатысушылар қатарында Моңғолиядан, Қырғызстаннан, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларынан, Алматы, Павлодар, Атырау және Қарағанды облыстарынан мектеп оқушылары болды.
Жыл сайын өтетін олимпиадаға биыл 30 жыл толып отыр. 30 жыл ішінде осы технологиямен білім алған көптеген түлектер жоғары білікті мамандар болып қызмет етуде. Бүгінгі олимпиадаға келген білім алушылар да болашағынан үміт күттіретін, дарынды шәкірттер санатында.
Олимпиаданың ашылу салтанатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің қоғамдық-гуманитарлық пәндер мен бастауыш білім беру мазмұны және әдіснамалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Әлия Чокушева, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы құттықтау сөз сөйлеп, олимпиада қатысушыларына сәттілік тіледі.
Бүгін білім сайысында қатысушылар жыл бойы жинаған білімдері мен дағдыларын көрсетті. Қолданылатын технологияның өміршеңдігі мен тиімділігінің маңызды тұсы оның оқу жылы бойы үздіксіз жүргізілуінде. Халықаралық олимпиадаға жолдама алу үшін мектеп оқушылары бірнеше іріктеу кезеңінен өтуі керек: сынып ішілік, мектепішілік, облыстық және республикалық. Бүгінгі сайысқа қатысқан 109 команда, 216 оқушының барлығы аталған кезеңдернен сүйрінбей өткен.
Олимпиада әртүрлі аймақтар мен елдерден келген оқушылардың тәжірибе алмасу және мәдени өзара әрекеттесу алаңына айналды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Салтанатты шараны қорытындылай келе, ұйымдастырушылар олимпиаданы дайындауға және өткізуге атсалысқандардың барлығына алғыстарын білдірді. Болашақ ұрпақ тәрбиесіне күш-қуаты мен білімін сарп етіп жүрген ұстаздар мен тәлімгерлерге арнайы алғыс сөздер айтылып, сертификаттар табысталды.
«Тілім менің – тірлігімнің айғағы» олимпиадасы Алаш зиялыларының идеялары әлі де өмір сүріп, өскелең ұрпаққа дәріптеліп келе жатқанын, олардың мұрасы жастарды ғылым, білім, мәдениет салаларында жетістіктерге жетуге жігерлендіретінін тағы бір дәлелдеді.
コメント