ҚР Оқу-ағарту министрлігінің жанынан Мәслихат депутаттарының кеңесі құрылды. Бұл білім саласындағы мәселелерді кеңесіп шешуге бағытталған консультативтік-кеңесші орган. Оған барлық деңгейдегі мәслихаттардан 190-ға жуық депутат енді.
Халық қалаулыларымен кездесуде Оқу-ағарту министрі мұндай кеңестің құрылуы жергілікті жерлерде мемлекет бастамаларының тиімді жүзеге асуына ықпал ететіндігіне сенімділік білдірді.
«Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының екінші республикалық форумында Мемлекет басшысы түрлі бағыттар бойынша ынтымақтастықты арттырудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі таңда оқу-ағарту жүйесінде 23 мыңға жуық білім беру ұйымында 6 млн-ға жуық бала білім алып, 578 мың педагог еңбек етуде. Сондықтан әр өңірдегі мәслихаттармен тығыз қарым-қатынас орнату жүктелген міндетті сапалы орындауға септігін тигізеді. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» демекші, күш біріктіруіміздің арқасында ең басты мақсат - білім сапасын арттыруға қол жеткіземіз деп сенемін», – деді Ғани Бейсембаев.
Сондай-ақ жиын барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім беру инфрақұрылымын жақсарту, техникалық және кәсіби білім беруді трансформациялау мәселелері қаралды. Депутаттар өздерінің көкейтесті сауалдарына да толыққанды жауап ала алды.
Атап өту керек, алдағы уақытта тұрақты түрде өткізілетін кеңес отырыстарында еліміздің білім беру стандарттарын жақсарту және жаңа тәсілдерді енгізуге ықпал ететін өзекті тақырыптар талқыланып, ұсынымдар әзірленетін болады.
Comments