Астанада «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2024» республикалық бейнесабақтар мен бейнедәрістер конкурсының қорытындысы шығарылды. Конкурсқа 5000-ға жуық педагог қатысып, олардың 108-і жүлделі орын иеленді.
«Педагогикалық идеялар панорамасы» конкурсы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Конкурс өңірлік және республикалық кезеңдерінен тұрады.
«Педагогикалық идеялар панорамасы» әрбір қазақстандық педагогке 12 бағыттың бірі бойынша (ерте сауаттылық (мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу), оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық, цифрлық сауаттылық, медиа-ақпараттық сауаттылық, қаржылық сауаттылық, экологиялық сауаттылық, денсаулық сақтау сауаттылығы (медициналық сауаттылық), әлеуметтік-эмоционалдық сауаттылық, мәдениетаралық сауаттылық және азаматтық-құқықтық сауаттылық) бейнематериал түрінде өзінің авторлық материалын ұсынуға мүмкіндік береді.
Қатысушылардың бейнемазмұнын өңірлік сараптамалық кеңестің мүшелері 7 критерий бойынша бағалады: өзектілік, дәлелділік, пәндер аралық интеграция, әдістемелік құндылық, инновациялықтық, сөйлеу мәдениеті мен ораторлық шеберлік, аудио/бейнемазмұнның сапасы. Осылайша, 102 педагог 1, 2, 3 дәрежелі дипломдар мен ақшалай сертификаттарға ие болды. Әр бағыт бойынша YouTube-те ең көп қаралған бейнемазмұндардың авторлары да анықталды.
Педагогтердің мотивациясын арттыру мақсатында биыл ЮНЕСКО алғаш рет байқауға қатысушылардың жұмыстарын бағалап, «Глобалдық азаматтық рухында білім беру» және «Климаттық өзгерістер саласындағы білім беру» бағыттары бойынша арнайы марапаттар табыс етті. Бұл бастама байқаудың сапасын және өзектілігін арттырып, оның халықаралық сараптамалық деңгейге жақындауына ықпал етті.
Жеңімпаздарды байқаудағы жетістіктерімен құттықтаймыз және кәсіби шеберліктерін одан әрі жетілдіруде табыс тілейміз!
Comentarios