top of page
Search

Петропавлда студенттік екі жатақхана пайдалануға беріледі


Петропавлда облысты дамытудың кешенді жоспары аясында 11 қабатты оқу-зертханалық корпус салынып жатыр. Бұдан басқа биыл студенттерге арналған екі жатақхана пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің мәліметінше, салынып жатқан 11 қабатты оқу-зертханалық корпуста 70-тен астам зертхана болады. Ғимаратқа 3 факультетті: инженерлік-техникалық, агротехнологиялық және медициналық факультеттерді орналастыру жоспарланған. Болашақта жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар бойынша тағы бір оқу-зертханалық корпусын салу мәселесі қазір қаралып жатыр.


Жоғары оқу орны 1750 орындық 3 заманауи жатақхананың құрылысын да жоспарлап отыр. Олардың екеуі осы жылдың соңына дейін, үшіншісі 2022 жылы тапсырылмақ.


«Облысты дамытудың кешенді жоспары аясында жалпы сомасы 4,5 млрд теңгеге 5 корпус пен 3 жатақханаға күрделі жөндеу жүргізілмек. Қазіргі уақытта университет ғимараттары ескірген, көптен бері күрделі жөндеу жасалмаған. Бөлінген қаражат 2023 жылға дейін игерілуі тиіс. Оған негізгі коммуникациялар мен желілерді, терезелерді, есіктерді ауыстыру ауыстыру және ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған», - дейді М.Қозыбаев атындағы СҚУ ректоры Ерлан Шуланов.


Қазір университетте 7706 студент бар. Шетелден келіп білім алып жатқандардың саны соңғы бірер жылда 4 есеге ұлғайған. Үндістан, Қытай, Моңғолия, Ресей және Өзбекстаннан келген 379 адам білім алып жатыр.


Автор: Ақерке Дәуренбекқызы



Commentaires


bottom of page