Ұлы Абайдың «адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген сөздері баршаға мәлім, «жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп ғылымға жастай ден қоюдың маңызын атап өткен де Абай Құнанбайұлы еді. Сондықтан ғылым мен техниканың дамыған заманында университеттердің ғылыммен айналысуы – бүгінгі күннің талабы.
Соңғы жылдары қазақстандық ғылымның дамуына мемлекет пен білім және ғылым министрлігі тарапынан ерекше көңіл бөлініп, үлкен қолдаулар көрсетіліп отыр. Ғылымды дамыту, ғылыми қызметкерлерді қолдау мақсатында тәуелсіздік жылдарында арнайы заңнамалық өзгерістер енгізілді. «Қазақстандағы ғылыми және ғылым-техникалық саясат туралы», «Ғылым туралы», «Ғылыми ізденістер нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заңдардың қабылдануы, 2023-2029 жылдарға дейінгі Қазақстан Республикасындағы ғылым мен жоғары білімді дамыту тұжырымдамасы бәрі де ғылымды дамытуға серпін берген және ғылыми кадрларды ортақ мақсатқа жұмылдыруға ұмтылдырған, сонымен қатар еліміздің дамуына ғылымның озық жетістіктерін барынша пайдалануға мүмкіндік берген құқықтық-нормативтік негіздер еді. Мұның бәрі саланы дамытуға арналған нақты шараларды көрсетеді.
Қазіргі кезде қоғамдағы өзгерістер негізінде ғылым мен техниканы, жоғары білімді дамытуға Мемлекет басшысы да назарын аударып, бұл салаға үткен үміт артып, жоғары жауапкершілік жүктеді. Өңірлер ел экономикасы дамуының драйвері десек, өңірлердегі университеттер осы аймақтарды дамытудың көшбасшысы болып келді және бұл үрдістің алға қарай да жалғасары сөзсіз.
Ғылым бойынша саланы қаржыландырудың бірнеше кезеңдері мен көздерінің анықталғанын айтуымыз керек.
Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар ғылыми-зерттеу қызметін жандандыру, ғалымдарды ғылыммен айналысуға ынталандыруды көздейді. Елімізде ғылымды қаржыландырудың базалық, гранттық, мақсатты-бағдарламалық сынды үш тетігі қарастырылған. Сонымен қатар халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейтуге де мән беріліп отыр.
Ғылым мен инновация өмірдің барлық саласын қамтиды, қазіргі күнделікті өмірде технологияның қолданылмайтын саласы жоқ деуге болады. Ал, мұның бәрі ғылымды дамыту және оны өндіріске енгізу арқылы мүмкін болып отыр. Өткен жылы Мемлекет басшысы ғылымға қатысты бірнеше рет мәлімдеме жасады. Президент Ұлттық Ғылым Академиясының 75 жылдығында сөйлеген сөзінде елдің табысты болуы ғылымның жай-күйіне тығыз байланысты екендігіне тоқталып, ғылымды басқару ісіндегі кемшіліктерді атап өтті.
Ғылым табысты болуы үшін бірнеше бағытта жұмыстар керек. Мысалы, ғылымды басқару үшін біріншіден, көшбасшы менеджерлер, екіншіден ғылыми ойлай алатын ғалымдар, үшіншіден ғылымға мемлекеттік қолдаудың болуы қажет. Қазіргі кезде бұл жұмыстар қолға алына бастады. Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілуі де жаңа серпіліс дер едім. Алдағы уақытта ғылыми зерттеулерге жергілікті атқарушы органдар тарапынан, сонымен қатар жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан 1 пайыз ғылымға қаражат бөлу көзделуде. Бұл заңды негізделген кезде жергілікті ғылымды дамытуға және жергілікті ғылыми кадрларды дайындауға оң ықпал етеді. Мәселен, Мемлекет басшысының 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Қазақстан халқына Жолдауында озық ғылыми технологияларды ілгерілету мақсатында «500 ғалымның жыл сайын шетелдік тағылымдамадан өтуі» туралы ұсыныс отандық ғалымдарға серпін берді. «Болашақ» бағдарамасы арқылы тағылымдамағдан өту байқауына Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен қатысқан ғалымдар ішінен 2022 жылы 6 оқытушы Англия, Германияда тағылымдамадан өтсе, 2023 жылы 3 оқытушы «Болашақ» арқылы Түркияда тағылымдамадан өтуде.
Университетте ғылыми әлеуетті көтеру үшін соңғы 5-6 жылда жастарды мақсатты докторантурада оқыту қолға алынды. Бұл кезге дейін 58 маман докторантурада оқыды. Осы докторантурада оқығандардың арасынан күні бүгінге 24 докторант PhD дәрежесін алды. Біздің жас ғалымдардың арасында экономика, қаржы, юриспруденция, экология, математика, информатика, психология саласында мамандар бар. Әлі де 11 оқытушы докторантурада білім алып жатыр. Бұл арқылы жастардың ғылымға келуі жандандана түсетін болады. Оларды ынталандыру мақсатында ғылыми жұмысын қорғап келгеннен кейін бір реттік сыйақы беру сияқты тетіктер қарастырылған.
Университеттік ғылымды қолдаудың тиімді жолы ретінде 2020 жылдан бастап университетішілік гранттық қаржыландыру жолға қойылды.
Х. Досмұхамедов университетінде 3 ғылыми зерттеу институты және оларға қарасты 4 ғылыми орталық пен 3 зертхана бар. 2020 жылдан бастап университетішілік ғылыми жобалар байқауынның нәтижесінде 2020 жылы – 5, 2021 жылы – 5, 2022 жылы – 4 ішкі ғылыми жоба университет арқылы қаржыландырылды. Бұл жұмыстар 2023 жылы да жалғасын тапты.
Соңғы 2 жылда ғалымдарға қосымша қолдау көрсету мақсатындаKPI жүйесі іске қосылды. Сапалы мақала жазып, ғылыми нәтижеге қол жеткен ғалымдарға жалақысына қосымша ақы төленеді.
Өңірдегі педагог кадрларын дайындап отырған бірден-бір жоғары оқу орны болғандықтан мамандардың сапасы басты назарда болады. Осыған орай жыл сайын «Атамекен» ҰКП өткізетін рейтингтер байқауына қатысу дәстүрге айналды. 2022 жылғы білім бағдарламаларын рейтингтерін анықтау нәтижесі бойынша рейтингке қатысқан Х. Досмұхамедов университетінің отыз жеті Білім бағдарламасының ішінен 25 білім бағдарламасы үздіктер қатарында болды (8 ББ үздік үштікке, 6 ББ – үздік бестікке және 11 ББ – үздік ондыққа).
Университеттің қолға алған тағы бір жаңалығы – мамандыққа ерте бейімдеу жобасы.
Бұл бойынша университеттің педагогикалық бағыттағы білім бағдарламаларына өзгерістер жасалды. Педагог кадрларды дайындау сапасын көтеру үшін алдымен оқу тәжірибелерінің сапасы мен мазмұнын жетілдіруді қолға алынды. Қазір әрбір курста студент үздіксіз педагогикалық тәжірибеден өтеді. Мысалы, I курста оқу-танысу практикасы, II курста педагогикалық-психологиялық, III курста оқу-тәрбие, ал IV-курста өндірістік практикасы болады. Екіншіден, университет тәжірибе базаларын кеңейту жұмыстарын жүргізді. Көптеген жұмыс берушілермен студенттерді практикадан өткізуге және практикадан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі көзделген келісімшарттар жасалды. Мәселен, 2021 жылы 320 осындай келісімшарт жасалып, 801 түлек немесе 46 пайызы өздері тәжірибеден өткен мекемелерге жұмысқа орналасты. 2022 жылы түлектердің саны 2077 болса, оның 1716-сы (83%) жұмысқа орналасты.
Өңірде қолға алынған «Мамандығым – Болашағым» жобасын іске асыру барысында С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасында университеттің 10 қызметкері форсайт мектепте білім алды және олар Атырау облысында жетекші кадрлар дайындаудың өңірлік стандартын дайындауға қатысатын болады.
Тереңдетілген оқулар барысында қатысушылар Форсайт құзыреттіліктерді жүргізу әдіснамасының басты тетіктері мен құралдарын меңгерді. «Мамандығым – Болашағым» жобасын жүзеге асыру: форсайт-зерттеулер, инновация және өңірдің немесее саланың алдағы 5 жылдағы кадрлық сұраныстарын жобалау; өңірде Мамандықтар атласын жасақтау және мамандар дайындау; Мамандықтар атласына сай жаңа білім бағдарламаларын жасақтау және өзектендіру; жаңартылған білім бағдарламаларымен жұмыс жасауға профессор-оқытушылар құрамын дайындау сияқты жұмыстарды қамтиды.
Бұл Жоба Қазақстан Республикасы Үкіметімен бекітілген 2025 жылға дейін тұрғындардың табысын көтеру бағдарламасына енгізілген.
Саламат ИДРИСОВ,
Х. Досмұхамедов атындағы
Атырау университетінің
Басқарма төрағасы – ректоры
АННОТАЦИЯ
В статье автор рассказывает о масштабных мероприятиях, проводимых в Атырауском университете имени Х. Досмухамедова в сфере образования и науки, расширении международных научных связей с зарубежными учебными заведениями для повышения научного потенциала, осуществлении целенаправленного обучения молодежи в докторантуре, реализации проекта ранней адаптации к профессии.
Comments