top of page
Search

Сарапшылар ұлттық деректер экожүйесінің дамуын талқылады

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының зерттеу тобы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының өкілдерімен кездесті. ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Кездесу барысында білім беру, зерттеу және басқару салаларында ұлттық деректер экожүйесін дамыту мәселелері талқыланды.

Жиында Академия профессорлары А.Б. Зейнелғабдин, С.А. Жұмабаев, Р.Т. Дуламбаева ҰСБ және Академия арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.


«Data Driven Decision Making тұжырымдамасы (DDDM) негізінде жаһандық сын-қатерлер жағдайында өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін басқару» ҚР ҒЖБМ гранттық қаржыландыру жобасын іске асыру аясында ауыл шаруашылығы деректерінің дұрыстығы, оларды балама көздерді пайдалана отырып нақтылау қажеттілігі, деректер қорын интеграциялау туралы мәселелер қайта қаралды.


Аталған мәселе ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігінің бірі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясын әзірлеу, жоспарлау, болжау, дұрыс шешімдерді дайындау үшін өте өзекті болып табылады. Шешімдерді дайындау үшін DDDM тұжырымдамасы негізінде әртүрлі дағдылар деңгейінде, оның ішінде Data-сауаттылықты арттыру бойынша Бюро әзірлеген курстарды пайдалана отырып, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілерінің цифрлық сауаттылығын үздіксіз арттыру мәселесі қарастырылады.


Бюро басшысы Жандос Шаймарданов Академия тыңдаушыларының Data-сауаттылығын арттыру жөніндегі меморандум аясында іс-шаралардың іске асырылуы туралы ақпарат берді. Бүгінгі күні жасалған келісім шеңберінде білім алушылар үшін «Data literacy» статистика негіздері бойынша білім беру бейнероликтері қолжетімді, оларды оқу пәндерінің силлабустарын және мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау бағдарламаларын дайындау кезінде пайдалануға болады.


Сонымен қатар талқылау барысында Бюро қызметкерлері үшін модульдік негізде магистратурада бір жылдық оқу мүмкіндігі туралы, оларды қазақстандық статистиканы ілгерілету мен қолдауды дамытуға бағытталған ашық дәрістерге, іс-шараларға шақыру мәселелері көтерілді.


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page