top of page
Search

Саясат Нұрбек Сингапур университетінің өкілдерімен кездесті

Саясат Нұрбек Қазақстан мен Сингапур арасындағы жоғары білім және ғылым саласындағы өзара әріптестікті дамыту мақсатында аталған мемлекетке арнайы іс-сапармен келді, «Современное образование» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. Сапар аясында «Азияның арыстаны» атанған елдегі жетекші жоғары оқу орындарының басшыларымен, ғылыми-зерттеу мекемелерінің жетекшілерімен және іскер топ өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізу жоспарланған. Жұмыс сапарының алғашқы күні Саясат Нұрбек Nanyang Technological University өкілдерімен кездесті. Жылы шырайда өткен басқосуда еліміздің жоғары білім беру саласы мен ғылым жүйесін дамыту бағытында жүргізіліп жатқан реформалар, Мемлекет басшысының министрлік алдына қойған міндеттері мен жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру турасындағы тапсырмалары жайында кеңінен әңгімеледі. Бұдан бөлек, басқосуда Қазақстан экономикасының басым секторларына мамандар даярлау мақсатындағы «Болашақ» халықаралық бағдарламасы мен халықаралық университеттердің Қазақстанда филиалдарын ашу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Өздеріңізге мәлім, күні бүгінге дейін Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде бірқатар жетекші әлемдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды. Сонымен қатар кездесуде Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып келе жатқан «Болашақ» бағдарламасы шеңберіндегі «500 ғалым» жобасы турасында да айтты. Өз кезегінде Nanyang Technological University президентінің орынбасары және провосты, профессор Ling San отандық ғалымдардың шетелдік университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік беретін бағдарламаға ерекше қызығушылық танытты. Сондай-ақ ол қазақстандық әріптестерін қыркүйек айында өтетін ауқымды конференцияға қатысуға шақырды. Бұл жиын барысында қос мемлекеттің жоғары білім беру саласын дамыту бағытындағы бірқатар мәселелер кеңінен талқыланбақ. Кездесу соңында шетелдік әріптестерге алғысымды білдіріп, жоғары білім мен ғылым саласында бірлесе жемісті еңбек етуге уағдаластық.
















© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page