top of page
Search

Сейфуллин Университеті: біздің серіктестеріміз – 40 елден 200 университет

Университет Сейфуллина

2023 жылғы Жолдауында Еліміздің Президенті: «Шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз» – деп атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті 2024-2029 жылдарға арналған жаңа даму бағдарламасын әзірледі. Орта мерзімді перспективада университет өз алдына әлемнің үздік 500 оқу орнына кіру міндетін қойып отыр.

ЖОО білім беру бағдарламаларын интернационалдандыру және академиялық ұтқырлықты дамыту мәселесіне көп көңіл бөледі. Жалпы алғанда, Сейфуллин университеті әлемнің 40-тан астам елімен, 200-ге жуық университетпен жұмыс істейді. ҚазАТЗУ шетелдік студенттерді қабылдайды және өз студенттерінің шетелде тағылымдамадан өтуін және жаңа әзірлемелер мен білімге қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Университеттің халықаралық қызметі туралы Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің басқарма төрағасы – ректоры Қанат ТІРЕУОВ баяндайды.

 

Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ-дың халықаралық байланыстар картасы Еуразия құрлығын ғана емес, сонымен қатар Солтүстік және Оңтүстік Америка, Австралия және Океания елдерінің университеттерін де қамтиды. Университетте Ауғанстан, ҚХР, Германия, Моңғолия, Түркия, Ресей, Грузия, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Қырғызстан, Әзірбайжан елдерінен келген студенттер оқиды. Өз кезегінде университет студенттері шетелдік серіктес жоғары оқу орындарында семестрлік оқудан өтеді. Әртүрлі елдердің профессорлары дәрістер өткізеді және ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізуге қатысады.


Университет Сейфуллина

Сейфуллин атындағы университеттің Қытай университеттерімен ежелден келе жатқан және көпжақты байланысы бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға ресми сапары барысында 2023 жылғы мамырда ҚазАТЗУ мен Қытай Халық Республикасының Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті (Northwest A&F University) арасында тамақ және қайта өңдеу өндірістерінің технологиялары саласындағы магистрлік бағдарламаны бірлесіп әзірлеу және іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Бүгінгі таңда біздің отыздан астам түлек Қытайдың осы жоғары оқу орнында магистратура, докторантура және постдокторантура бағдарламалары бойынша білім алуда. Оларға екі университеттің дипломдары беріледі. Біздің магистранттар әлемдік деңгейге сәйкес білім алады деп сенімді түрде айта аламыз.

Өткен жылдың желтоқсан айында біздің ЖОО-ға білім вице-министрі Сунь Яо бастаған ҚХР делегациясы келді. Құрметті қонақтар университеттің құрылымымен және ұжымымен танысты.

Кездесуге қатысқан ҚХР Солтүстік-батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің вице-президенті Люю Цзюнь ҚХР білім министріне жүгінді:

«2016 жылдан бері басталған екі университет арасындағы серіктестігіміз жоғары бағдарламаларды қолданудың арқасында белгілі бір жетістіктерге жетті.

Біз бірлескен магистрлік бағдарламаларды бастадық және ары қарай жалғастыратын боламыз. Біз тек магистратурамен және докторантурамен ғана емес, сонымен қатар ғылыми жобалармен және коммерцияландырумен де жұмыс істейміз. Сонымен қатар, бүгінгі таңда екі тарап та азық-түлік қауіпсіздігіне көбірек көңіл бөліп, осыған байланысты жұмысты жетілдіруде».

ҚХР Білім вице-министрі Сунь Яо мен қытай делегациясы ҚХР Солтүстік-батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінде оқыған ҚазАТЗУ-дың 14 студентімен әңгімелесті.

Сондай-ақ, ҚХР Харбин ғылыми-зерттеу ветеринариялық институтымен бірлесіп, ҚазАТЗУ-да Қазақстан-Қытай биологиялық қауіпсіздік зертханасы құрылды. Сонымен қатар, Солтүстік-Батыс, Пекин, Шыңжаң, Хэнань университеттерімен, Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясымен, HUAWEI компаниясымен және қытайдың басқа серіктестерімен Қазақстан-Қытай ғылыми-білім беру және технологиялық консорциумы құрылуда.


Университет Сейфуллина

Еуропалық серіктестердің арасында Германияның жоғары оқу орындарымен белсенді ынтымақтастық жүргізілуде.

Қазақстан-Неміс жоғары оқу орындары ректорларының форумында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанды Еуразияның зерттеу хабына айналдыру менің арманым, осыған байланысты неміс университеттерінің қатысуы өте маңызды рөл атқарады...»

ҚазАТЗУ-дың Вайенштефан-Триздорф (Германия) қолданбалы ғылымдар университетімен ағылшын тілінде «Аграрлық менеджмент» және неміс тілінде «Farm Management» бірлескен білім беру бағдарламасын, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастығы бірлескен қызметтің маңызды жетістіктерінің бірі болып табылады.

Магистратураның қос дипломды білім беру бағдарламасы 2031 жылға дейін халықаралық аккредиттеуден өтті. Ол сапаны қамтамасыз етудің халықаралық стандарттарына сәйкес келеді және түлектеріне Вайенштефан-Триздорф университетінің докторантурасында оқуын жалғастыруға мүмкіндік береді.

Жақында Вайенштефан-Триздорф университетінде өткен ректорлар форумында ҚазАТЗУ Орталық Азия елдерінде «Аграрлық менеджмент» бірлескен докторлық бағдарламасын әзірлеу бойынша өңірлік үйлестіруші болып таңдалды.

Ғылым, білім және өндірісті интеграциялау аясында Германияның жетекші фермаларына біздің университеттің 70-тен астам студенті жіберілді. Осы ауылшаруашылық тәжірибесінен кейін олар агробизнес саласындағы жетекші компанияларға жұмысқа шақырылады.

Президенттің тапсырмаларын іске асыру үшін біздің ЖОО базасында Германияның серіктес университеттерімен, ғылыми-зерттеу институттарымен, бизнес-құрылымдарымен ынтымақтастықты нығайтуға қызмет ететін Қазақстан-неміс агроинновациялық консорциумы құрылады.

Францияның жоғары оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен көпжоспарлы ынтымақтастық жолға қойылған.

Уағдаластықтар шеңберінде «АгроПарижТех» және ENSAIA университеттерімен академиялық ұтқырлық жүзеге асырылады. Біздің студенттер мен магистранттар биылғы жылы «Инженерлерге арналған биология ғылымдары» және «Биотехнология» бағдарламалары бойынша оқуын аяқтап, екі университеттің дипломдарын алады.


Университет Сейфуллина

Әлемдегі жетекші университеттердің, олардың бірі Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университетінің (РХДУ) тәжірибесі біздің жоғары оқу орнының білім және ғылым саласындағы дамуының локомотиві.

РХДУ-мен ынтымақтастықта 2023 жылы «Ландшафттық сәулет және дизайн», «Геодезиялық және кадастрлық жұмыстар технологиясы», «Агробиотехнология» және «Аграрлық бизнес» сияқты өзекті бағыттар бойынша бірлескен білім беру бағдарламалары әзірленіп, енгізілді. Бұл бағдарламалар біздің түлектеріміздің жаңа кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыру үшін жағдай жасай отырып, халықаралық стандарттарға, оқытудың озық әдістеріне, цифрландыруға көшуге мүмкіндік беретін модульдік-құзыреттілік тәсілге және дуальды оқыту жүйесіне негізделген.

2023 жылдың қыркүйегінде Астанада РХДУ-мен бірлесіп «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасы» атты халықаралық конференция өткізілді. Оның жұмысына әлемге әйгілі профессорлар, сарапшы-ғалымдар, министрлер мен парламентшілер қатысты. ҚазАТЗУ, Астана әкімдігі және РХДУ қалада жасыл желектер мен жасыл ландшафт құру, таза сумен қамтамасыз ету және елорданың тұрғын аудандарында экологиялық таза және қауіпсіз балалар ойын кеңістігін қалыптастыру мәселелерін қамтитын ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды.


Университет Сейфуллина

Тұрақты даму саласында біз канадалық жоғары оқу орындарымен ынтымақтасамыз.

Канаданың Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен және қатысуымен біз Саскечеван және Альберта университеттерінің әріптестерімен магистранттар мен докторанттарды бірлесіп даярлау бойынша кездесу өткіздік. Альберта университетімен ағылшын тілінде Plant Science бірлескен білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Оның мақсаты – өсімдік шаруашылығындағы ғылымның қазіргі заманғы мәселелерін шешу үшін ғылыми бағыттағы және халықаралық деңгейдегі философия докторларын (PhD) дайындау.

Өткен жылдың қазан айында ҚазАТЗУ-ға ауыл, орман, өңірлік және су шаруашылығы министрлігінің атташесі Визер Герман бастаған Австрия делегациясы келді. Делегация құрамында университетке Қазақстандағы Австрия Елшілігінің коммерциялық кеңесшісі Махал Клеменс, сондай-ақ ауыл шаруашылығына маманданған австриялық бизнес өкілдері келді.

Австриялық делегация өнім көрмесіне барып, ауыл шаруашылығы министрлігінен қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде жүргізіліп жатқан ҚазАТЗУ-дың тоғыз жобасы бойынша зерттеулер нәтижелерімен, университет ғалымдарының инновациялық жаңалықтарымен, ауыл шаруашылығы биотехнологиясының ғылыми-өндірістік платформасының жобаларымен танысты. Махаль Клеменс біздің ЖОО-ның үлкен әлеуетін атап өтті.

Сондай-ақ, біз БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары бағдарламасы аясында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осылайша, Италияның болашақ Азық-түлік институтының президентімен кездесу басталды, оның барысында «Азық-түлік жүйелерін жақсарту үшін тұрақтылық пен регенерация» тақырыбындағы мәселелер талқыланды.

Нәтижесінде

біздің ЖОО базасында болашақ азық-түлік жөніндегі Қазақстан-Италия инновациялық орталығын ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Университет Сейфуллина

ҚазАТЗУ бидайдың әртүрлі сұрыптарын өндірумен және өңдеумен байланысты Түркияның жетекші университеттерімен, ҒЗИ және өндірістік компанияларымен ынтымақтасады.

Черрахпаша (Стамбул), Сельчук, Кастамону, Ондокуз, Ататүрік университеттерінің, Бахри Дагдаш Халықаралық ауылшаруашылық зерттеулер институтының (BDIARI) және «D. Darmstadt Food» ЖШС ғалымдарымен бірлесіп макарон, нан-тоқаш, кондитерлік және басқа да өнімдерді өндіру үшін астықты өңдеу технологиялары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргіземіз.


Университет Сейфуллина

Беларуссияның ең көне үш жоғары оқу орнымен меморандумдарға қол қойылды.

Беларусь ұлттық техникалық университетімен, Брест мемлекеттік техникалық университетімен және Петр Машеров атындағы Витебск мемлекеттік университетімен ынтымақтастық біздің студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамға Беларусьте оқуға және зерттеу жүргізуге, қос диплом алуға мүмкіндік береді.


Университет Сейфуллина

ЖОО-ның халықаралық әріптестерінің қатарында Чехия Республикасының үш университеті бар.

ҚазАТЗУ докторанттарының Ческе-Будеевиц қаласындағы Оңтүстік Чех университетінде аквамәдениет бойынша оқудан және тағылымдамадан өту мүмкіндігі бар.

Биылғы жылы Наурыз мейрамын мерекелеу С. Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ қабырғасында халықаралық қазақстан-чех ғылыми акваорталығының ашылуымен тұспа-тұс келді.

Ашылу салтанатына Чехияның Қазақстандағы елшісі Павол Шепеляк қатысты. Қонақтар үшін акваорталық секциялары бойынша таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды, онда олар тірі балық жүзіп жүрген бассейндерді, шабақтар, шаян тәрізділер бар аквариумдарды көрді.

Мұнда олар аквамәдениет объектілерін – балықтардың бірқатар түрін, соның ішінде кларий тәрізділерді, африкалық жайындарды, тиляпия, бекіре, көксерке өсірумен айналысады.

Факультеттің аңшылық және балық шаруашылығы кафедрасының доценті Қуаныш Сыздықовтың айтуынша, мұнда тұйық сумен жабдықтау жағдайында теңіз өнімдерін өсіру технологиялары пысықталуда. Елде көл-тауарлық балық шаруашылықтарын құру жұмыстары жүргізілуде.

Павол Шепеляк акваорталықтың ашылуында сөйлеген сөзінде чех тарапы республиканың бизнес-қоғамдастығына чех тауарлары мен технологияларын уақтылы ұсына алу үшін Қазақстандағы ауыл шаруашылығы үрдістерін мұқият қадағалап отырғанын атап өтті.

Дипломаттың пікірінше, балық өсіру және балық аулау ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі. Чехияда балық өндірісі ішкі пайдалану үшін де, экспорт үшін де табиғи ресурстардың мүмкіндіктерімен жақсы теңдестірілген. Чех балық өсірушілерінің ғасырлар бойы жинақтаған және заманауи ғылыми жетістіктермен толықтырылған бай тәжірибесі Қазақстанда сұранысқа ие болуы мүмкін.

Чехияда балық өсірушілік пен балық шаруашылығының маңызды ғылыми базасы бар. Оңтүстік Чехия университетінің бейіндік факультетінде білім беру қызметі мен практикалық қызметті үйлестіретін ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Оқытушылар мен студенттер аквамәдениеттің жаңа нысандарын өсірумен және енгізумен, жемшөпті сынаумен айналысады.

ЖОО шетелдік әріптестер желісін кеңейту, білім және ғылым саласындағы халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысу арқылы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруда.

Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ-дың басты мақсаты – түлектердің отандық, сол сияқты халықаралық еңбек нарығында да бәсекеге қабілеттілігі мен сұранысын арттыру, елді Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторының дамуын ең жоғары деңгейге көтеруге қабілетті жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету.
 

АННОТАЦИЯ

Председатель правления – ректор Казахского агротехнического исследовательского университета имени Сейфуллина Канат Тиреуов рассказывает о международной деятельности университета. Вуз, сотрудничая с более чем 40 зарубежными университетами, продолжает укреплять международное сотрудничество путем расширения сети зарубежных партнеров, участия в международных программах и проектах в области образования и науки.


Comments


bottom of page