top of page
Search

Сенат депутаттары «Астана медицина университетінде» болды

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары «Астана медицина университетінде» болды. Сапардың мақсаты – білім беру мекемесінің қызметімен танысу және отандық денсаулық сақтау саласының даму барысын зерделеу болып отыр.


Сапар барысында сенаторларға радиобиология және радиациялық қорғау институтындағы жұмыстар көрсетілді, сондай-ақ студенттердің алған білімдерін іс жүзінде пысықтайтын симуляциялық орталықтың қызметі туралы айтылды.

Қазір жоғары оқу орнында 10 000-нан астам адам оқиды, оның ішінде жақын және алыс шетелдегі 20 елден келген 1 100 шетелдік студент бар.

Сенат комитетінің төрағасы Нариман Төреғалиев университет жоғары білікті қызметкерлерді даярлаумен қатар саланың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

«Астана медицина университетіне сапар Президенттің «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында «Денсаулық сақтауда ғылымның, білімнің және клиникалық практиканың біртұтастығы: жай-күйі, проблемалары және шешу жолдары» тақырыбындағы дөңгелек үстелге әзірлік барысындағы шаралардың бір бөлігі болып табылады. Осындай кездесулерде көтерілетін барлық мәселелер мен проблемаларды алдағы уақытта тиісті мемлекеттік органдардың алдына қоятын боламыз», - деді депутат.

Депутаттар кездесуді қорытындылай келіп, сапардың маңызды әрі нәтижелі болғанын атап өтті. Олардың пікірінше, қатысушылардың әрқайсысы заңнама ережелерін іске асыру туралы егжей-тегжейлі түсінік алды.


Comments


bottom of page