Президент ауылдардағы білім беру мекемелерінің қала мектептерінен еш кем болмауы керек екенін атап өтті. Осы мақсатта «Тірек мектептер» жобасы жүзеге асырылуда. Оның бірі Есіл ауданындағы Явленка ауылында орналасқан.
Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен мектепке заманауи оқу жабдықтары сатып алынды. 16 интерактивті панель, STEM кабинеті, робототехника жабдықтары және еңбек сабағына қажетті құралдар жеткізілді. Онлайн-сабақтарды жазу үшін телестудия ұйымдастырылды.
Мектеп мұғалімдері Назарбаев зияткерлік мектептерінде әдістемелік көмек, қолдау және білім беру бағытында оқытылды. Мектепке 4 магнитті шағын жинақты мектеп бекітілген, олардың оқушылары ақпараттық технологиялар мен жаңа жабдықтарды енгізудің арқасында сапалы білім беру ресурстарына кеңінен қол жеткізе алады.
Тамара Дүйсенова негізгі оқу пәндерінен басқа робототехника және технологиялармен белсенді айналысатын оқушылармен әңгімелесті. Олардың кейбір жобаларымен танысып шыққан вице-премьер оқушыларға белсенділігі үшін алғыс айтып, болашақ бастамаларына сәттілік тіледі.
Мемлекет басшысы балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы білім алуы маңызды екенін атап өткен болатын. Бұл ретте вице-премьер Үкімет пен қоғамдық ұйымдар белсене араласып жатқанын айтты.
«Оқушылар үшін жайлы жағдай жасау — біздің басты мақсатымыз. Заманауи жабдықталған оқу кабинеттері, әдістемелік көмек – бұл мұғалімдерге де, оқушыларға да қосымша қолдау», – деп қорытындылады Тамара Дүйсенова.
Comments