top of page
Search

ТМД-ға мүше елдер Астанадағы мұғалімдер мен білім беру қызметкерлерінің VII съезіне оң баға берді

Астанада ТМД елдері мұғалімдері мен білім беру қызметкерлерінің VII съезі өтті. Беларусь, Тәжікстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан және Армения өкілдері съезд қорытындысына оң баға берді. Күн тәртібінде елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, бірлескен ғылыми, IT-жобаларды құру, педагогтер арасында да, ТМД-дағы білім беру ведомстволары арасында да тәжірибе алмасу мәселелері қаралды. Сондай-ақ үздік ұстаздар «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.


Съезге қатысушылар білім беру саласына, әсіресе, пандемиядан кейінгі кезеңде цифрландыруды енгізу мәселесін талқылады.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов пандемиядан кейінгі кезеңде білім беру саласында цифрландыру жүйесі күшейгенін айтып, енді технология мен әлемге дәстүрлі көзқараспен қарайтын мұғалім арасындағы теңгерімді табу маңызды екенін атап өтті.

«Соңғы жылдары білім беру саласы айтарлықтай өзгеріске ұшырап, күтпеген жағдайға тап болды: пандемия және технологияның жылдам дамуы. Бұл біздің елімізде де, бүкіл әлемде де білім беруді дамытудың жаңа бағытын белгіледі. Мұғалімдерге цифрлық білім беру технологиялары енді олардың бәсекелестері емес, одақтастары екенін түсіну маңызды. Білім саласын цифрландыруға үлкен көңіл бөліп жатырмыз және бізде ҰБДҚ жүйесі бар, оны реформалаймыз. Цифрлық із қалдыру өте маңызды, талдау қажет және ол әрбір мұғалім мен ата-анаға, оқушыға қолжетімді болуы үшін қажет. Білім беру платформалары, онлайн сабақтар көптеген мұғалімнің тәжірибесіне енді», – деп айтты министр Асхат Аймағамбетов.

Министр өзгеріссіз қалған бір нәрсе барын айтты. Ол педагог пен ұстаздың жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі. Ұстаз ағартушылық міндетін атқарады және қоғамда ерекше құрметке ие. Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұстаз мәртебесін арттыру бағытында кешенді жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының арқасында алғаш рет мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсартуға мүмкіндік берген «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды. Бұл қазақстандық мұғалімдерге жалақысын көтеріп, оларды қызметіне жатпайтын функциялардан, шамадан тыс есеп беруден босатуға мүмкіндік берді. Мұғалімдер күніне кемінде екі құжатты, яғни жоспар мен электронды журналды толтыруы тиіс екені заңмен бекітілді. Жаңа қосымша ақылар, тәлімгерлік, оқытушылық шеберлік, магистратура үшін үстемеақылар енгізілді. Сыныпты басқаруға арналған дәптерлерді тексеруге төленетін қосымша төлемдер де ұлғайтылды.

«Үздіксіз біліктілікті арттыру қағидаты енгізіліп жатыр. Біз мұғалімдерге тегін курстар өткізуді жалғастырып келеміз. Сондай-ақ 5 жылда бір рет емес, үш жылда бір рет өткізіледі, жалпы алғанда бұл жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз», - деді министр Асхат Аймағамбетов.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқару комитетінің төрағасы – жауапты хатшысы Сергей Лебедев съездің Қазақстанда өтуінің маңыздылығы мен жоғары деңгейін атап өтті.

«Съезд ұстаздар қауымының өміріндегі айтулы оқиға ғана емес, ТМД-ның айрықша белгісі болды. Астанада өткен 7-ші съезд ТМД елдерінің ғылыми және білім беру саласындағы элитасының басын қосты, олар бірлескен қызмет нәтижелерін ұжымдық түрде бағалайды және пандемиядан кейінгі кезеңде ТМД-ның ортақ білім кеңістігін дамытудың ықтимал траекторияларын анықтайды. Пікірталастардың мазмұны, конструктивті сипаты білім беру саласындағы бірқатар бағытты жетілдіру бойынша елеулі ұсыныстар әзірлеуге негіз болады деп ойлаймыз», - деді ТМД Атқару комитетінің төрағасы – жауапты хатшысы Сергей Лебедев.

ТМД елдері мұғалімдерінің съезі аясында ІІ Педагогикалық шеберлік фестивалінің қорытынды кезеңі өтіп жатыр және байқаудың финалистері, яғни ТМД елдерінің мұғалімдері елімізге келді. Олар жарыс сабақтарын көрсетеді. Мұғалімдерге арналған шеберлік сабақтары үш санат бойынша өткізіледі: мұғалім, тәрбиеші және психолог/әлеуметтік педагог.


Сонымен қатар съезд барысында мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы цифрлық және баспа өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Қазақстандық кәсіпкерлер, стартаптар оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға бағытталған IT-жобаларын көрсетіп жатыр.


Съезд Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастығының мемлекетаралық қоры қолдауымен өтіп жатқанын айта кетейік.


ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі



Comentarios


bottom of page