Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовті қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Президентке жолдауда берілген тапсырмалардың орындалу барысы, министрліктің білім және ғылым жүйесін жақсартуға бағытталған бастамалары жөнінде баяндалды.
Аймағамбетов балалар құқығының бұзылу фактілерін азайту үшін жекеменшік балабақшалардың жауапкершілігін арттыруға және мектеп бағдарламалары мен оқулықтарды әзірлеудің жаңа тәсілдеріне қатысты ұсыныстар айтты.
Министрдің айтуынша, жолдаудағы тапсырмалар аясында "Ғылым туралы" заңға өзгертулер енгізілген.
"Енді тарих, қазақ тілі, философия, археология, математика, шығыстану және басқа да салалар бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген 4 мыңнан астам ғалым тұрақты еңбекақы алады. Ғылыми жобаларды қаржыландыру мерзімі бұрынғы 3 жылдан 5 жылға дейін созылды. Жас ғалымдарды қолдау үшін постдокторантураға мың грант бөлінді. Арнайы конкурстар басталды. Соның аясында 2 мыңнан астам жас ғалым 17 миллиард теңгенің грантын алды", - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ ғалымдардың әлеуетін арттыру шаралары қабылданды. Жыл сайын 500 отандық маман республикалық бюджет есебінен әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді.
Президент министрге мектептегі білім беру сапасы мен мұғалімдердің мәртебесін арттыру жөніндегі мақсатты жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар президент жоғары оқу орындарына лицензия беру тәртібін жетілдіру және іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізетін институттарды қолдау қажет деп санайды.
Comentários