Атырау қаласында Тәуелсіздік күні қарсаңында 280 орындық балабақша ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жаңа балабақша Атырау қаласының іргесіндегі Ракуша елді мекенінде салынған. Оның құрылысы «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» бағдарламасымен салынған. «Біз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында тағы бір мектепке дейінгі тәлім-тәрбие беру ошағын іске қосқалы тұрмыз. Бұл – осы ауылда тұратын отбасылар үшін үлкен қуаныш. Қазір Атырау қаласында 96 балабақша жұмыс істейді. Оның ішінде 46 мемлекеттік балабақшада 12 030 бала тәрбиеленіп отыр. Сондай-ақ, қаладағы 50 жеке меншік балабақшаға 4 455 бала барады. Осындай 34 балабақшаға мемлекеттік тапсырыс беріледі», -деді Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев.
Компанияның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтың мәліметінше, жаңа балабақша 280 балаға есептелген. Жалпы ауданы 2785 шаршы метрді құрайды. Балабақша аумағында 14 топтық алаң, жалпы дене шынықтыру және жол қозғалысы ережелерін зерттеуге арналған алаң жабдықталған. Ғимаратта гимнастикаға, музыка сабағына арналған әмбебап зал, дене тәрбиесіне арналған зал, сондай-ақ, әмбебап үйірме үй-жайы бар.
«Біздің компания білім берудің сапасы мен қолжетімділігін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Сол себептен, әр бала мен жасөспірімнің жеке қабілетін дамыту үшін икемді дағдыларға оқытуды, кәсіптік бағдарлау жобаларын қолдайды. Ал, биыл көру қабілетінен айырылған және нашар көретін балаларға Брайль қарпін қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде бірегей тренажердің көмегімен үйретуге көмектесетін «Sezual» жобасына қолдау білдірді. Тағы бір мысал – академик Қабдолов қорын қолдау. Бұл қор Қазақстанның барлық аймағында әлеуметтік желілердің көмегімен қазақ тілін үйренуді ынталандырып отыр», -дейді Рзабек Артығалиев.
Comments