Елордадағы Тәуелсіздік сарайында балалар мен жастарға арналған дамыту орталығы салтанатты түрде ашылды, деп ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін Тәуелсізлік сарайын дамытудың жаңа тұжырымдамасын таныстырудамыз. Пандемия кезінде көптеген кәсіпорындар мен мәдениет нысандары өзінің тиімсіз екендігін көрсетті. Тәуелсіздік сарайының бұрынғы тұжырымдамасы ауқымды халықаралық және көпшілікке арналған мәдени іс-шаралардан тұрды. Дегенмен карантин талаптарына байланысты аталған тұжырымда өз маңыздылығын жоғалтты. Осы орайда бюджет қаржысынан күнелтіп отырған аумағы 38 мың шаршы метр болатын бұл нысанның қызметін қайта қарау керек болды. Бүгін коммуналдық меншікті қалай тиімді басқару керектігін көрсететін боламыз. Біз бюджет шығынын азайтып, нысанның коммерциялық мүмкіндігін арттырдық. Сонымен қатар Тәуелсіздік сарайының әлеуметтік-мәдени маңыздылығын да естен шығармаймыз», - деді Astana Venue Management ЖШС-ның бас директоры Мәлік Хасенов.
Тәуелсіздік сарайының жаңа тұжырымдамасына сәйкес балалар мен жастардың шығармашылық және спорт әлеуетін арттыру мақсатында мұнда үйірмелер мен түрлі секциялар ашылды. Үйірмелерге күнделікті 2 мыңға жуық бала қатысады.
Сондай-ақ, Тәуелсіздік сарайында көркем гимнастика орталығы, пара биден хароеграфия орталығы, Динара Сәдуақасованың шахмат академиясы, U-Study тестілеу орталығы, «Алтын домбыра» домбыра үйрену мектебі, елорда филармониясының симфоника және хор оркестрі, «Кинокио» киноматография өнер мектебі, ересектер мен балаларға арналған үстел теннисі секциясы, «Ortus» дзюдо секциясы және атақты әнші Әміре атындағы вокал мектебі іске қосылды.
«Тәуелсіздік сарайын жалға алу шаршы метрі 2 мың теңге тұрады. Сондықтан да балалардың есебінен мол қаржы табу мақсаты жоқ. Біздің мақсат – нысанды шығынын қысқарту арқылы жұмыс істету. Үйірмелер мен секцияларға балаларды іріктеудің 50 пайызы тегін түрде жүзеге асырылса, қалған 50 пайызы бәсекеге сай бағамен жүргізіледі. Былай алып қарасақ ғимаратты жалға алу бағасы басқа нысандарға қарағанда 2,5 есеге төмен. Бұл өз кезегінде өнер мен шығармашылық бағытындағы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау болып табылады», - деді М. Хасенов.
Автор: Әли Ибраев
Comentarios