Чехияда жоғалып кеткен 20 жастағы қазақстандықтың әкесі ұлын екі апта бойы іздегестірген соң, бейнеүндеу жолдады.
Еске салсақ, қазақстандық студент Олег Кузьмин ақпанның соңында Прагада жоғалып кетті. Жас жігітті іздеу жұмыстары әлі еш нәтиже берген жоқ.
Олег Кузьминнің әкесі бейнеүндеу жолдады. Сергей Кузьмин 12 наурызда Прагаға ұшып келді. Ол екі аптадан бері жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырып жүр. Алайда құзырлы орган өкілдері күн сайын "ертең" деумен уақыт оздырып жатыр.
Жас жігіт жоғалып кеткелі бері айға жуық уақыт өтті және үндеудегі жазбаға сәйкес, полиция әлі бірде-бір ілік таба алмай отыр.
Жергілікті құқық қорғау органдары жігіт әкесінің өтініші бойынша қаладағы мың камераның тек екеуінің жазбасын көрсеткен.
"Сонда уәде еткен ынтымақтастық қайда? Қауіпсіздік қайда? Неге біз бұл "қауіпсіз" елге өз баламызды жіберіп, оларға деген толық немқұрайлылыққа бей-жай қарау керекпіз? Прага полициясы неге көмектескісі келмей отыр? Полицияғаа келген сайын "ештеңе анықтай алмадық, ертең келіңіздер" дегенді естігіміз келмейді", - деп жазылған әлеуметтік желідегі постта.
Қазір студентті іздеу жұмыстарына оның туыстары, достарынан бөлек волонтерлер де жұмыла кірісті.
Олар Google-аккаунт арқылы Олегтің жоғалған түні қай жолдармен жүргенін анықтап, жергілікті полицияны аң-таң етті.
Жоғалған студенттің әкесі айтқандай, полицейлер оған ұлының ноутбугын беріп, Олегтің поштасын егжей-тегжейлі зерттеуді және қандай да бір ілік тапқанда, тәртіп сақшыларына хабарласуға кеңес берген.
Сергей Кузьмин өз басына түскен жайтқа жанашырлық танытатындардан көмек сұрап, ұлын біреулер ұрлап әкетуі мүмкін екенін хабарлады.
Олег Кузьмин 2019 жылдан бері Ambis жеке меншік университетінде білім алады және Прагадағы Blanice жатақханасында тұрған. Ол 26 ақпанда қаладағы түнгі клубтардың бірінде болғаннан кейін Чехия астанасында жоғалып кеткен.
Comments