top of page
Search

Шымкентте жоғары оқу орындарының республикалық форумы өтті

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Тарихи тұлғалар: ұлттық тәрбие және сабақтастық» республикалық форумы өтті. Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.

Мақсаты – ұлт тарихындағы кемеңгер тұлғалардың парасат пайымын зерделеу, олардың ой мұрасын, тәлімдік қасиетін жаңғырту, ұлттық тәрбие желісін сақтай отырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру.

Келелі жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми өкілдері, мемлекеттік органдардың жауапты тұлғалары, республикадағы жоғары оқу орындарының әлеуметтік және тәрбие істері бойынша проректорлары, оқу орындарының салалық департамент басшылары, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының өкілдері қатысты.


Бірқатар жауапты азаматтар форум жұмысына ZOOM платформасы арқылы қосылды. Форум жұмысы «Ұстазға тағзым» ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен басталып, оған қатысушылар университеттің археологиялық көрмесі мен студенттердің қылқалам және қолөнер туындыларымен танысты.

Жоғары оқу орындары өкілдерінің жиынына ZOOM платформасы арқылы онлайн қатысқан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан «Бабалар аңсаған парасатты, кемел ұрпақ» тақырыбында баяндама жасады.


Ұрпақ тәрбиесіндегі бабалар ұлағаты, олардың тәрбиелік мазмұндағы кемеңгерлік ой-тұжырымдары жөнінде кеңінен мағлұмат беріп, қоғамдағы парасаттылық пайымы адалдық, әділдік, кәсібилік, заңға құрмет, патриотизм секілді нақты құндылық өлшемдерімен бірігетінін атап өтті.

Форумда ОҚМПУ Басқарма төрағасы-ректор Г.Сүгірбаева университеттің трансформациясы және ұлттық код бойынша атқарып жатқан жұмыстарын таныстырды.

Форум бағдарламасына сәйкес, спикерлер «Ұлы ұстаз - Әл-Фараби» «Абай Құнанбаевтың «Толық адам» ілімі және қазіргі жастар», «Әл-Фараби және Шәкәрім мұрасындағы «Кемел адам» мәселесі», «Ы.Алтынсарин мұралары тәрбие құралы ретінде», «Ұлы даланың ұлы қыздары», «Студенттік жастар арасында есірткі және нашақорлықтың алдын алу жұмыстары, кездесетін мәселелер мен шешу жолдары», «Академиялық адалдық және сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы жастардың үлесі», «Әлихан Бөкейханов және Алаш ағартушылары ұлттық тәрбие туралы», «Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегі және жастар тәрбиесі», «Цифрлық технологиялар патриоттық тәрбие берудің құралы ретінде» тақыптарындағы баяндамалар жасады.

Форум аясында ОҚМПУ ректорының кеңесшісі, ф.ғ.д., профессор Құлбек Ергөбектің Өзбекәлі Жәнібектің тәрбие қайраткерлігі хақындағы баяндамасы тыңдалып, университетте «Өзбекәлі Жәнібеков орталығының» ашылу салтанаты өтті.

Форум жұмысының екінші бөлігінде университетке келген қонақтар ОҚМПУ қоғамдық кәсіптер даярлау орталығы үйірме жетекшілерінің шеберлік сабақтарымен танысты. Жиынға қатысушы жоғары оқу орындарының проректорлары үшін тақырыптық семинарлар өтіп, ашық алаң форматындағы пікір алмасу ұйымдастырылды.

Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының өкілдері үшін көшбасшылық қасиет психологиялық тренингі өткізіліп, жастар мәселелеріне арналған диалог алаңы құрылды.




© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page