Шығыс Қазақстан облысында жазғы лагерьге баратын оқушылардан ПТР анықтамасы талап етіледі , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жайлы онлайн форматта өткен баспасөз мәслихаты барысында ШҚО Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова мәлім етті.
«Өңір бойынша балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін 35 лагерь жұмыс істейді. Сондай-ақ 475 мектеп жанында оқушыларға арналған лагерь бар. Алдағы каникул кезінде мектеп оқушыларының 100 пайызын жазғы лагерьмен қамтуды жоспарлап отырмыз», - деді ол.
Бұдан бөлек, жаз айларында облыстың барлық қала-аудандарында спорт секциялары мен үйірмелер ашық болады.
«Лагерьге барар алдында әрбір оқушы ПТР-сынама тапсыруы тиіс. Тәрбиешілер мен мекеменің басқа да қызметкерлерінен коронавирус жұқтырмағандығы туралы анықтама талап етіледі», - деді Сайрангүл Жұмаділова.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Шығыс Қазақстанда биыл 9 мыңға жуық оқушы мектеп бітіретіндігін хабарлаған болатынбыз.
Автор: Талғатжан Мұхаметбекұлы
Comments