top of page
Search

Электронды ҰБТ: Смартфон мен шпаргалкаға қалай тосқауыл қойылады


Әрбір талапкер жеке компьютерде отырып, ҰБТ тапсырмаларын орындайды. Бұл туралы ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Ұлттық бірыңғай тестілеу электронды форматта «бір тест тапсырушы – бір компьютер – бір камера» қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Демек, әрбір қатысушы жеке компьютерде отырып, ҰБТ тапсырмаларын орындайды. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аудардық. Тестілеу процесі шифрлау элементтері бар арнайы жабық VPN желісі арқылы жүзеге асырылады», - деді Ә. Тойбаев Орталық коммуникациялар қызметінде.


Білім министрлігінің мәліметінше, аудиторияда не болып жатқанын көрсететін камералардан басқа, тест тапсырушы отыратын әр үстелдің үстінде тағы бір камера орнатылады. Прокторинг пен бейнебақылаудың заманауи жүйесі және ҰБТ-да бөгде адамдарды болдырмау үшін Face ID цифрлық сәйкестендіру құрылғысы пайдаланылады.


Ережелердің сақталуын арнайы компьютерлік бағдарлама бақылайды, ол тыйым салынған заттарды қолдану фактілерін автоматты түрде анықтайды. Егер ҰБТ тапсыру кезінде талапкердің смартфон, шпаргалка және т.б. тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тестілеу автоматты түрде тоқтатылады, тест тапсырушының нәтижелері жойылады.


Тестілеу процесін қосымша ахуалдық орталық бақылайды. Сондай-ақ ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ҰБТ-ны өткізу рәсіміне Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Арнайы мониторингтік тобы мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері шақырылатын болады.


Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу электрондық форматта өтеді. Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі мәрте тапсыруға болады.


Таратылған мәліметке қарағанда, тестілеуге 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 балл жинай алады.


Тестілеу нәтижелері ҰБТ аяқталғаннан кейін бірден қолжетімді болады.



Автор: Руслан Ғаббасов


#ҚР Білім және ғылым министрлігі #ҰБТ


Comments


bottom of page