![І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті](https://static.wixstatic.com/media/f48cb8_ae3929d6a30044029bc5830019af022b~mv2.jpg/v1/fill/w_980,h_723,al_c,q_85,usm_0.66_1.00_0.01,enc_avif,quality_auto/f48cb8_ae3929d6a30044029bc5830019af022b~mv2.jpg)
Бүгінде елімізде азық қоспалары нарығы қарқынды дамып келеді.Азық қоспаларына сұраныстың өсуі біріншіден, мал шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауына, екіншіден, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауға байланысты болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл саланы дамыту мақсатында жем-шөп өндірісін жетілдіру бойынша мастер-жоспар әзірледі. Онда жұмыс істеп тұрған және жаңадан салынатын құрамажем зауыттарын жеңілдетілген қаржыландыру арқылы жаңғыртып, инвестициялық субсидия түрінде қолдау қарастырылған. Құрамажем өнеркәсібін қайта жандандыру – мал шаруашылығы өнімдерінің көбеюі мен ауыл-аймақтардың дамуына ықпал етеді. Өйткені құрамажем – мал шаруашылығы өнімдерін өндіру тізбегіндегі негізгі құрал. Сапалы жем-шөппен қамтамасыз етілген мал шаруашылығының өнімі жоғары болады.
Қара шыбын (Hermetia illucens) дернәсілдерінен алынатын ақуыз-липидті концентрат–жоғары құндылыққа ие шикі заттың бірі. Бұл концентрат органикалық қалдықтарда өсірілген дернәсілдерді өңдеу арқылы алынады. Өңдеу процесінде ақуыз және липид фракциялары бөлініп шығады, олардың әрқайсысы бірегей қасиеттерге ие. Қара шыбын (Hermetia illucens) дернәсілдерінен алынған ақуызды концентраттың құрамында құрғақ салмақта 40%-дан 60%-ға дейін таза ақуыз бар. Аминқышқылдық құрамына келсек, қара шыбын ақуыздары лизин, метионин және треонин сияқты маңызды аминқышқылдарға бай. Бұл аквамәдениет және жануарларды, әсіресе шошқа, құс үшін өте құнарлы азық. Дернәсіл ақуыздары жануарлар ағзасы үшін оңай сіңімді, бұл олардың өсуіне және денсаулығының жақсаруына ықпал етеді. Тағамдық және азықтық қоспа ретінде бұл концентрат аквамәдениетте, құс және шошқа шаруашылығында дәстүрлі ақуыз көздеріне (балық ұны, соя ұны) балама ретінде кеңінен қолданылады, бұл теңіз бен соя өнімдеріне тәуелділікті азайтуға көмектеседі.
Липидтік бөлігі жануарлардың иммунитетін арттыруға, терісі мен жүнінің сапасын жақсартуға айрықша пайдалы. Қара шыбын дернәсілдерінен концентрат өндіру тұрақты әрі экологиялық таза процесс болып саналады, өйткені дернәсілдер органикалық қалдықтарды өңдей алады. Бұл көмірқышқыл газы мен метанның шығарылуын азайтып, оларды құнды шикізатқа айналдыруға мүмкіндік береді. Концентраттың ерекше иісі мен дәмі болғанымен, жоғары тағамдық құндылығы жануарлар денсаулығына ешқандай кері әсер етпейді. Қара шыбын дернәсілдерінен алынған ақуыз бен липидті концентраттар бірегей техникалық және тұтынушылық сипаттамаларға ие. Ақуыз, пайдалы аминқышқылдар мен майлар мөлшерінің жоғары болуы, сондай-ақ өндірісінің экологиялық тұрақтылығы азық-түлік және мал азығы өнеркәсібін маңызды ресурсқа айналдырады.
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жас ғалымы, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Айгерім Қамбарова «Қара Сарбаз» шыбынының дернәсілдері (Hermetia illucens) арқылы тамақ қалдықтарын қайта өңдеу технологиясы және импортты алмастыратын отандық өнімдерді өндірумен айналысады. Жас ғалымның айтуынша, мұндай технологиялық процестің нәтижесінде тірі личинкалардан жаңа жем, кептірілген личинкалардан әмбебап жемдік ақуыз қоспасы, сондай-ақ личинкалардың қалдықтарынан зоогумус түрінде өнім алынады. Осылайша шыбындар экологиялық мәселелерді шешуге де көмектеседі. Қара сарбаз шыбынының (Hermetia illucens) дернәсілдерін пайдалана отырып, азық-түлік қалдықтарын қайта өңдеу арқылы импортты алмастыратын отандық өнімдерді өндіруге болады. Сұраныс өте көп болғандықтан, алдағы уақытта «қара сарбаз» шыбыны дернәсілін көбейтуді технологиялық процесске айналдыруды жоспарлап отырмын дейді жоба авторы.
Comments