top of page
Search

Ғани Бейсембаев Ақтөбе облысының мектеп директорларымен және педагогтермен кездесті

Оқу-ағарту министрі Ақтөбе облысында жұмыс сапарымен болды. Педагогтер қауымдастығымен кездесуде Ғани Бейсембаев білім беру сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуы бойынша негізгі бағыттарға, сондай-ақ білім беру саласында министрлікпен қабылданған негізгі шараларға тоқталып өтті, «Замануи білім беру» журналы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 


Гани Бейсембаев

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында ұстаздарға жан-жақты қолдау шаралары жүзеге асырылуда, оның ішінде аттестаттаудан өткізу қағидалары қайта қаралды, педагогтердің сапалы құрамын жасақтау, өңірлерде білім беру инфрақұрылымын жақсарту бойынша бірқатар бастамалар іске асты. Соңғы төрт жылда елімізде бір миллионға жуық оқушы орны қолданысқа берілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 154 жаңа білім беру нысанының пайдалануға берілуі есебінен 12 апаттық, 29 үш ауысымды мектеп мәселесі шешімін тапты. Мектептерді пәндік кабинеттермен жарақтандыру көрсеткіші 2 есеге ұлғайды, интернет сапасы жақсарды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Биылғы оқу жылында 365 мың оқушыға арналған 221 мектеп ашу жоспарлануда.


«Тәрбие жұмысы басым бағыттардың бірі болып қала береді. Өткен оқу жылында барлық білім беру ұйымдарында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» жалпыұлттық құндылықтарға негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Мектеп әкімшіліктері білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, балаларға тәрбие мен білім беруде жайлы орта құру мәселесіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Бұл үшін мемлекет жан-жақты қолдауды жүзеге асыруда – заңнамалық шаралар қабылданды, психологиялық қызметтің рөлі күшейтілді, бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің мәртебесі бекітілді. Қабылданған бағдарлама шеңберінде алдын алу, ақпараттық жұмыстарды және ата-аналармен өзара іс-қимылды тиімді жалғастыру қажет», - деп мәлімдеді Ғани Бейсембаев.

Сондай-ақ Ұстаздар күні қарсаңында Ақтөбе облысының педагог-шебер біліктілік санаты бар мұғалімдері министрдің қолынан «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін алды. Кездесуді қорытындылай келе, министр ұстаздарға еліміздің білім саласына және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

Comments


bottom of page