15.07.2024.
Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жасанды интеллект технологияларын әзірлеу саласындағы білім беру бағдарламаларының дамуы туралы баяндады, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Министрдің айтуынша, 17 ЖОО-да ЖИ бойынша 15 білім беру бағдарламасы енгізілген, олардың ішінде: «Қолданбалы жасанды интеллект», «ЖИ инженериясы және блокчейн», «Кибернетика және ЖИ», «Медицинадағы ЖИ» және басқалары бар.
Осы бағдарламалар бойынша 2196 студент оқиды, оның ішінде 2091 бакалавр, 82 магистрант және 23 докторант бар. Сонымен қатар, бағдарламалар халықаралық серіктестермен бірлесіп әзірленуде.
«Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің ЖИ және информатика мектебі ашылды. Жаңа білім беру бағдарламалары бірлесіп енгізілуде. Биылғы жылы 30 стипендия бөлінді», – деді министр.
Сонымен қатар Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да City University of Hong Kong филиалы құрылды. Биыл қыркүйек айында Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да ЖИ бойынша халықаралық зерттеу орталығы ашылады. Өз кезегінде, Astana IT University осы жылдың қыркүйек айында «Бизнестегі ЖИ» бағдарламасын әзірлеу үшін University of Genoa-мен ынтымақтастық туралы келісімге қол қояды. Ал, М. В. Ломоносов атындағы ММУ 2024-2025 оқу жылында енгізілетін «Есептеу технологиялары мен ЖИ әдістері» бағдарламасын әзірледі.
Сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде ЖИ қолдану бойынша білім беру процесінде ЖИ қолданудың этикалық аспектілері мен әдіснамасын қамтитын ЖОО аралық стандарт әзірленді.
Comments