Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Microsoft Kazakhstan арасында өзара түсіністік туралы келісім жасалды. ҚР ҒЖБМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды. Меморандумға вице-министр Камиль Ақатов пен Microsoft Kazakhstan Бас директоры Сергей Лещенко қол қойды.
Тараптар цифрландыру және цифрлық сауаттылықты, оқытушылар мен білім алушылардың цифрлық дағдылары мен құзыреттерін арттыру арқылы қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ғылым мен жоғары білім берудің цифрлық трансформациясы саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыруға ниетті.
«Бүгін біз Microsoft Kazakhstan компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Біздің серіктестіктің басты бағыттарының бірі – қазақ тілін ілгерілету. Microsoft өнімдеріне, оның ішінде сөйлеу және мәтінмен жұмыс істеу интерфейстеріне мемлекеттік тіл интеграцияланатын болады. Бұл, әсіресе, оқуды жалғастырғысы келетін есту және көру қабілеті нашар адамдар үшін өте маңызды», – деді вице-министр Камиль Ақатов.
Оның ішінде, Microsoft Kazakhstan Microsoft Learn интерактивті порталы және Microsoft learn for Educators (MSLE) бағдарламасы арқылы нарықта неғұрлым сұранысқа ие технологиялар бойынша ЖОО оқытушылары мен студенттері үшін сертификаттау мүмкіндігімен онлайн-оқытуға қолжетімділікті ұсынуға дайын. Сондай-ақ, оқу орындары «Office 365 Education» сервистері және білім беруге арналған Microsoft Teams қосымшасы негізінде білім беру үшін бірыңғай цифрлық платформаға қосыла алады.
Сондай-ақ, Майкрософт министрлікке университеттерде IT мамандарын даярлау бойынша білім беру бағдарламаларын жаңарту, «Microsoft Azure Labs» мамандандырылған оқу зертханаларын енгізу және дамыту арқылы ғылыми зерттеулердің сапасын жақсарту бойынша кеңес береді. Атап айтқанда бұлтты есептеу (Cloud Computing), үлкен деректерді талдау (Big Data), жасанды интеллект (AI), машиналық оқыту (ML), заттар интернеті (IoT) және т.б.
Comments