top of page
Search

Ғылым мен жоғары білім беруді цифрландыру, AI-Sana инновациялық бағдарламасы

24 ақпан күні, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Ғылым мен жоғары білім беруді цифрландыру, AI-Sana инновациялық бағдарламасы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 


AI-Sana: студенты вузов будут изучать искусственный интеллект

Брифингке ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету департаментінің директоры Нұрсұлтан Махатов, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова және «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Камиль Ақатов қатысты. Конференция барысында жоғары білім беруді цифрландыру, цифрландыру жоспарлары және ғылымды цифрландыру мәселелері талқыланды.


2024 жылы елімізде жоғары білім саласын ашықтық пен қолжетімділіктің сапалы жаңа деңгейіне көтеру мақсатында Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы іске қосылды. Бұл платформа – тек процестерді автоматтандыру құралы ғана емес, сонымен қатар пайдаланушыларды, мыңдаған білім беру бағдарламаларын және мемлекеттік жүйелермен ондаған интеграцияларды біріктіретін ауқымды цифрлық экожүйе. Нұрсұлтан Махатов Орталық коммуникациялар қызметінде аталған платформаның міндеттерін баяндады.


«Бүгінгі таңда Платформада 700 мыңға жуық студент, 44 мыңнан астам оқытушы және 2,6 миллионнан астам түлек туралы мәліметтер бар. 2024 жылы Платформада 154 мыңнан астам диплом құжаттарының нөмірлері генерацияланды. Қазіргі уақытта Платформа арқылы 202 мыңнан астам студент стипендия алуда. Осы жылдың қаңтар айында шамамен 13,4 миллиард теңге төленді. Сонымен қатар 5 мемлекеттік қызмет электрондық форматта көрсетіледі», – деді ҒЖБМ Цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету департаментінің директоры.

Платформада «eGov-mobile» қосымшасымен біріктірілген «Цифрлық құжаттар» сервисі бар, бұл пайдаланушыларға дипломдары мен студенттік билеттеріне цифрлық форматта қол жеткізуге мүмкіндік береді.


Цифрлық трансформациялау стратегиясын іске асыру аясында министрлік озық цифрлық технологияларды пайдалана отырып, ғылыми процестерді жаңғыртуға бағытталған маңызды бастамаларды қолға алуда. Осы мақсатта ғылымның цифрлық экожүйесін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жүйе елдегі ғылымды басқарудың тиімділігін арттыруға және талдамалық деректерді жинауға мүмкіндік береді.


Министрлікпен ғылымның экожүйесін құру бағытында 8 жаңа модуль әзірленді, оның ішінде 2 автоматтандырылған мемлекеттік қызмет бар. Ұжымдық пайдалану зертханаларын үйлестіру үшін e-labs модулінде 351 ғылыми зертхана және 1288 бірлік жабдық бойынша деректер қамтылған. Сонымен қатар мемлекеттік ақпараттық жүйелермен, сондай-ақ Web of Science және Scopus халықаралық ғылыми базаларымен 12 интеграция іске асырылды.


Ғылыми жарияланымдарды бағалау және талдау үшін Қазақстандық ғылыми дәйексөз индексі жұмыс істейді. Бұл жүйе ғылым саласындағы өзекті ақпараттарды жинақтап, ғылыми қоғамдастықтың жұмысын жетілдіруге көмектеседі.


Баспасөз конференциясы барысында Нұрсұлтан Махатов Қазақстанда ғылыми ақпараттың басқарылуын жеңілдету мен ашықтығын арттыру үшін ғалымдардың цифрлық профилі мен ғылыми-зерттеу институттарының цифрлық паспорттары маңызды рөл атқаратынын айтты. Ғалымдардың цифрлық профилі зерттеушілерге өздерінің ғылыми жетістіктері мен жарияланымдарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Ал институттардың паспорттары еліміздегі барлық ғылыми-зерттеу ұйымдары туралы толық және өзекті деректерді қамтитын орталық деректер базасы ретінде қызмет етеді, бұл ғылыми басқаруды жақсартуға ықпал етеді.


Сондай-ақ 2024 жылы Мемлекет басшысына ұсынылған қазақ тіліндегі KazLLM үлкен тілдік моделін құру – бұл еліміздің цифрлық дамуындағы маңызды жетістік екені атап өтілді. Бұл модель – қазақ тілін цифрлық ортада қолдауға арналған алғашқы осындай деңгейдегі ЖИ-құрал. KazLLM тілдік моделін әзірлеуге және тестілеуге 117 сарапшы, сондай-ақ 40-тан астам ғылым кандидаттары, PhD докторлары мен ғылым магистрлері тартылды. Модельді оқыту қазақ, ағылшын, орыс және түрік тілдерінде 148 миллиард токен негізінде жүргізілді.


«Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Камиль Ақатов брифингте Министрлік бастамасымен басталған AI-Sana инновациялық бағдарламасына тоқталды. Бұл бағдарлама жасанды интеллект саласында адами капиталды дамытуға бағытталған және 100 мың студентті қамтып, оларға экономика салаларында ЖИ енгізу үшін қажетті білім мен дағдыларды береді. Бағдарлама жас таланттарды қолдауға және DeepTech стартаптарын құруға бағытталған.


«Нөлдік кезеңде барлық бағыт бойынша студенттер қамтылады. Бұл – жасанды интеллектке кіріспе. Бұл кезең – барлық қызығушылық танытқан студенттерге қолжетімді бастапқы білім беру блогы. Бағдарламаның негізгі мағынасы мынада: әр кезеңде іріктеу болады және келесі, бірінші кезеңде 100 мың студентті қамту жоспарда бар. Бұл ЖОО базасында дәрістер мен семинарлардың тереңдетілген білім беру блогы болады. Осы кезеңде бағдарлама жобалар мен салалық шешімдерді әзірлеуде практикалық дағдыларды игеруге бағытталған», – деп түсіндірді Камиль Ақатов.

Келесі кезеңдерде жобаларды пысықтау және масштабтау, оларды менторлармен

бірлесіп қаржыландыруға және нарыққа шығуға дайындау өтеді. Бағдарлама жақын арада іске қосылады және тегін болады.


Цифрландыру, ғылымды жаңғырту және жасанды интеллект саласындағы бастамалар Қазақстанның жоғары білім беру мен ғылым саласында жаңа мүмкіндіктерді ашуда. Бұл жаңалықтар – еліміздің цифрлық болашағын айқындайтын маңызды қадамдар.

댓글


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page