30.04.2024
Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен Қазақ Уикипедиясының әкімшісі, Нұрсұлтан Мәлік «Уикипедия: редакциялау, оқу, талдау» тақырыбында әдістемелік семинар өткізді, «Современное образование» журналы Оқу-ағарту министрлігі Тіл саясаты комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Семинарға қатысушылармен бірге Нұрсұлтан Мәлік Қазақ Уикипедиясының тарихы, қағидаттары мен ережелері, дереккөз базасы, маңызды критерийлері, құқық және жеке меншік мәселелері, Уики жобалар: Уикимедиа, Ортаққор, Уикисөздік жобалары жан-жақты зерделенді.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Мәлік семинарға қатысушылардың көптеген сұрақтары бойынша түсініктеме беріп, ашық онлайн-энциклопедиямен жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Орталық және Шығыс Еуропа уикимедиашыларының мүшесі және Қазақ Уикипедиясының белсенді әкімшілерінің бірі ретінде үш жылға жуық уақыт ішінде 5 782 мақаланы өңдеп, Қазақ Уикипедиясына 20-ға жуық көлемді мақаланы енгізді.
Нұрсұлтан өз сөзінде:
- Бізге ақпараттық кеңістікте қазақ тіліндегі мазмұнның көлемін ұлғайту қажет. Менің негізгі мақсатым, Қазақ Уикипедиясын дамыту. Уики – бұл көп адам бірігіп жасайтын жоба. Мысалы, мені география, тарих, саясат тақырыптары қызықтырады. Бұл жобаны Министрлік ұйымдастырып отырғаны қуантады, өйткені ғалымдар, оқытушылар, студенттер қазақ тілі мен Қазақ Уикипедиясын дәріптеуге үлес қоса алады, – деп атап өтті Нұрсұлтан Мәлік.
Семинар соңында Нұрсұлтан Мәлік жақын арада Youtube арнасында Уикипедия бойынша түсіндірме сабақтар сериясын жариялайтынын хабарлады.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы тіл саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру, оның ішінде ашық онлайн энциклопедияны қазақ тіліндегі ғылыми мақалалармен, жарияланымдармен, еңбектермен және мәліметтермен толықтыру шаралары көзделген.
Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетіне интернет кеңістіктегі қазақ тілін дамытуға қатысты өз ойларымен бөлісті.
НЗМ оқушылары Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешовпен кездесуде Ашық онлайн энциклопедия Уикипедияны қазақ тіліндегі мазмұнмен толықтыруға қатысты өз жобарын ұсынды.
НЗМ 11-сынып оқушылары Мұқан Қырғызбай мен Нарбек Мұхатбек Уикипедияға қазақ тілінде энциклопедиялық мақала жазуда өз білімдері мен дағдыларын дамытуға ниет білдірген 7-11 сынып оқушылары арасында байқау жобасын дайындағандарын баяндады.
Жобаның жас авторларының айтуынша, энциклопедиялық мақала бес бағыт бойынша порталдың регламенттеріне сәйкес келетін үздік мақалаларды қазылар алқасы таңдайтынын жеткізді.
Комитет төрағасы оқушылардың жобасын үлкен қызығушылықпен қабылдап, аталған байқауды өткізуде қажетті ұйымдастырушылық және сараптамалық көмек көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ НЗМ мектептерінің басқарма басшысының орынбасары Ағаділ Аида Төлендіқызына және мектептегі Уикипедия жобасының жетекшісі Талдаева Назым Мейірханқызына оқушыларға отаншылдық рухта тәрбиелегені және ақпараттық кеңістікте мемлекеттік тілдің әлеуетін кеңейтуге деген ұмтылыстары үшін алғысын білдірді.
- Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдаманың маңызды тармақтарының бірі қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту, оның ішінде Уикипедия ашық энциклопедиясын қазақ тіліндегі мазмұнмен толықтыру болып табылады. Осыған байланысты НЗМ оқушыларының қазақ тіліндегі энциклопедиялық мақалалар санының артуына өз үлесін қосу ниеті біздің тарапымыздан үлкен назарға аударарлық әрі қолдауға лайық жоба, - деп атап өтті Ербол Тілешов.
Comments