2024 жылғы 6-12 қазан аралығында Қазақ ұлттық хореография академиясында Yoshiko Takagi Ballet School оқушыларына арналған күзгі мектеп өтуде, «Замануи білім беру» журналы Мәдениет және ақпарат министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Жапон қонақтарының сапары мәдени алмасуды дамыту және хореографиялық өнер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін маңызды оқиға болды.
Құрамы 23 оқушы және 2 оқытушыдан тұратын топ Академия базасында өтетін бірқатар шеберлік сабақтарына қатысады. Жапон студенттері классикалық және халықтық-сахналық би бойынша, сондай-ақ Академияның жетекші педагогтары өткізетін классикалық репертуар мұрасы бойынша шеберлік сабақтарына қатысады.
Қонақтар үшін мазмұнды оқу және мәдени бағдарлама дайындалды.

Осындай білім беру іс-шараларын өткізу Қазақ ұлттық хореография академиясының халықаралық мәдени диалог алаңы және әлемдік деңгейдегі кәсіби хореографиялық білім беру орталығы болуға ұмтылысын көрсетеді.

Comments