top of page
Search

Қазақстан мен Италия министрлерінің кездесуі: жоғары білім берудегі ынтымақтастықты кеңейту

25 қыркүйекте, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде министр Саясат Нұрбек пен Италия Республикасының Университеттер және зерттеулер министрі Анна Мария Бернини кездесті, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 


Филиал Политехнического университета Марке откроется в Талдыкоргане

Кездесуде екі ел арасындағы жоғары білім мен ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды. Негізгі нәтижелердің бірі І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің базасында Марке политехникалық университетінің филиалын ашу туралы келісімге қол қою болды.

Министр Саясат Нұрбек Қазақстан мен Италияның білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап, Жетісу университетінің ғылыми-зерттеу қызметін дамытудағы үлесін ерекше атап өтті.


«Жетісу университеті зерттеу қызметін белсенді дамытып жатыр. Оқу орнының Марке политехникалық университеті секілді жетекші шетелдік университеттермен тығыз байланыс орнатуы өңірді білікті техникалық мамандармен қамтамасыз етудің негізгі факторына айналады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі мамандар тапшылығы мәселесін бірнеше рет атап өтті. Халықаралық серіктестермен ынтымақтастық тәжірибе алмасуға, оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға және білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Саясат Нұрбек.

Тараптар студенттер мен оқытушылар алмасу бағдарламаларын, сондай-ақ бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру перспективаларын талқылады. Екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығы да ерекше аталып өтті.


Сонымен қатар бірлескен зерттеулерді өзара қызығушылық тудыратын салаларда бірлесіп қаржыландыру мәселесі келісілді. Өткен жылы Римде қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумды дамыту мақсатында, басым бағыттарды анықтау және жаңа ұсыныстар әзірлеу үшін бірлескен басқару комитеті құрылады деп жарияланды.


Сондай-ақ университеттер арасындағы келісім қазақстандық және итальяндық студенттер үшін қос диплом бағдарламасын іске асыруды қарастырады.


«Орталық Азия – тұрақты және қауіпсіз аймақ, әрі маңызды геосаяси орталық. Бұл өңір жоғары білім беру саласында ғана емес, экономикалық және коммерциялық тұрғыдан да үлкен мүмкіндіктер ұсынады, сондықтан Италия үшін стратегиялық маңызға ие», - деді Анна Мария.

Ол Қазақстанның адами капиталды дамытудағы өршіл саясатын және университетаралық ынтымақтастықтағы белсенділігін атап өтті. Италия университеттері жыл сайын Қазақстаннан жүздеген студентті қабылдайды, ал бірлескен қаржыландырумен іске асырылатын ғылыми жобалар екіжақты диалогтың маңызды элементі болмақ.


Кездесу соңында Саясат Нұрбек пен Анна Мария Бернини ынтымақтастықтың табысты дамитынына сенім білдіріп, жоғары білім беру саласындағы интеграция және тәжірибе алмасу жолдарын жалғастыруға келісті.

 

Comments


bottom of page