top of page
Search

Қазақстанда 3 халықаралық университет ашылады


Алматыда үш халықаралық университет ашылады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасының тікелей эфирінде өткен «Алматыны дамыту 2021: Жаһанды іскерлік орталық» атты жаңа жобалардың онлайн таныстырылымында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Алматы әкімінің айтуынша, биыл 1 қыркүйектен Ұлыбританияның Лестер қаласындағы Де Монтфорт университетінің филиалы өз жұмысын бастайды. Қазір Үкіметтен лицензия алды.


Биылғы жоспар – 300 студент қабылдау. Егер ұсыныс көп болса, бакалавриатқа 400 студент, жыл соңына дейін 90 магистрант қабылдау жоспарда.


«Бұл университеттің кампусын салу үшін Құлжа трассаның оң жағынан жер бөлдік. Келер жылдың басында университеттің құрылысы басталады», – деді қала әкімі.


Британдық университеттің филиалы ҚР Үкіметінің қаулысымен ашылды. Қазақстандық оқушылардың Англияға бармай-ақ қолжетімді бағамен сапалы білім алуына мүмкіндік туады. Университет аймақтағы талантты жастарға шәкіртақы да ұсынады.


Сонымен қатар, қала әкімі тағы екі университпен келіссөздер жүргізілгенін айтты.


«Пандемия кезінде біз цифрландыруға көп көңіл бөлдік. Денсаулық саласындағы кәсіпорындарды бір жерге жинақтап, фармкластер жасасақ және соның қасында сол жерде қызмет ететін жұмысшыларды оқытатын университет ашсақ деген идеямен Үкіметке шықтық. Үкімет бізді қолдады. Цифрлық дүниені дамытуға келгенде, Назарбаев университеті тарапынан ұсыныс болды. Аталған жоғары оқу орнының ішінен ашылатын «Жасанды интеллект» мектебін Алматыдағы еркін аймаққа орналастырсақ деген ұсыныс келді. Өйткені Алматыда осыған байланысты база толық дайын», – деді Бақытжан Сағынтаев.


Цифрлық салада қызмет ететін компаниялардың 70 пайызы Алматыда орналасқан. Барлық IT компания, негізгі зерттеу орталығы да мегаполисте.


«Біз бұл ұсынысты қуана қабылдадық. Сонымен қатар, Alma университеті мен Аризона мемлекеттік университенінің тарапынан Алматы қаласынан қосымша университет ашуға біріккен ұсыныс түсті. Әлемдік университеттердің кампус жүйесімен салынатын, студентердің сол жерде тұрып оқитын, мұғалімдері де тұратын өзінше бір қалашық, кампус болмақ», – деді Алматы әкімі.


Қалада жаңа талапқа, жаңа технологияға, цифрлық технологияға, инновацияға байланысты үш бірдей университтің ашылуы қуанышты жаңалық». Қаланың экономикалық құрылымын өзгертуге жастар да атсалысу керек. Олардың сапалы білім алуына халықаралық үш университеттің алар орны ерекше.


Сонымен қатар, қала әкімі ғылымның дамуына да мүмкіндік туатынын айтты.


«Ең алдымен өндіріске пайдалы, қаланың еркін аймағындағы, индустриалды аймағындағы кәсіпорындарға, жалпы елдегі кәсіпорындар өзінің базасын күшейту, экономикалық әлеуетін көтеру үшін жаңа технологияны осы жердегі зертханалардан ала алады. Бұл қала экономикасын басқа деңгейге көтереді»,- деп түйіндеді шаһар басшысы.



Автор: Алма Мұқанова



Comments


bottom of page