top of page
Search

Қазақстанда бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің мәртебесі бекітіледі

17.06.2024.


Қазақстанда 16 маусымнан бастап әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң күшіне енеді, мұнда бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекіту көзделген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары айтып берді.



2022 жылдан бастап еліміздің 20 өңірінде өңірлік уәкілдер жұмыс атқарып келеді.


Юлия Овечкинаның айтуынша, өңірлік уәкілдер ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілімен тығыз байланыста жұмыс істейді.


«Өңірлік уәкілдер ведомствоаралық байланысты үйлестіреді, балалардың құқықтары бұзылған әрбір жағдайды жеке бақылауында ұстайды және өз өңіріндегі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың құрамына кіреді. Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер институтын енгізу балалардың құқықтарын қорғау жүйесін нығайтудағы маңызды қадам болып табылады. Бұл балалардың құқықтарының бұзылуына барынша тиімді ден қоюға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Юлия Овечкина.

Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыретіне «111» байланыс орталығының қызметін үйлестіру, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимылын ұйымдастыру кіреді.


ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әрбір бала үшін қауіпсіз және бақытты балалық шақты қамтамасыз ету мақсатында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету бағдарламасын әзірлеуде.


Бағдарлама аясында буллингке ұшыраған және зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға құқықтық, психологиялық қолдау көрсетіледі. Негізгі мақсат - зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету кабинеттері қызметінің бірыңғай моделін құру және көмек көрсету процесінде балаларға қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету болып табылады.


«Әрбір бала зорлық-зомбылықтан қорғалуы тиіс. Көмек көрсету бағдарламасының қабылдануы балалардың салауаттығы және өзін қауіпсіз, жайлы сезінуі үшін жасалуда», − деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина.

Бағдарлама шеңберінде зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету кабинеттері қызметінің бірыңғай моделі әзірленеді. Сот-медицина сараптамасын жүргізу, полиция қызметкерлерінің сұрақ-жауап алуы осы кабинеттерде жүргізілетін болады.


Кабинеттер қызметінің бірыңғай моделін Оқу-ағарту министрлігі әзірлеп, жергілікті атқарушы органдарға осы сынды кабинеттерді ашу стандарты ретінде ұсынатын болады.

コメント


bottom of page