ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысының бірінші бөлігінде білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік қаралды. Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім ошақтарында қауіпсіздікті ұйымдастырудың қазіргі жағдайы туралы баяндады. Оның айтуынша, білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты кешенді тәсіл қолданылады, ол бейнебақылау жүйесін орнатуды, оларды ЖБО-ға қосуды, лицензияланған күзетпен және дабыл түймелерімен қамтамасыз етуді қамтиды.
Мемлекет басшысының білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Министрлік кешенді шараларды жүзеге асырып келеді.
Бұл бағытта бірқатар нормативтік құқықтық актілер:
Білім беру саласындағы террористік тұрғыдан осал нысандарды қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық
Білім беру ұйымдарына енгізуге тыйым салынған заттар мен заттардың тізбесі
Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жарақтандыру стандарттары қабылданды.
Сонымен қатар, биылғы ақпан айында Білім беру ұйымдарының өткізу режимі бойынша Үлгілік ереженің жаңа жобасы әзірленді.
«Министрлік білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуына тоқсан сайын мониторинг жүргізіп келеді. Оның қорытындылары жүйелі түрде Үкімет деңгейінде қаралады. Мониторинг нәтижелері бойынша білім беру ұйымдарында қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету бойынша оң динамика байқалады», — деп атап өтті оқу-ағарту министрі.
Сонымен қатар 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша бейнебақылау жүйелерімен білім мекемелері 100% қамтылған, әкімдіктер оларды Нұсқаулықтың жаңа талаптарына сәйкестендіру жұмыстарын жүргізуде. Ал жедел басқару орталықтарына 6 мыңға жуық білім ошақтары қосылған. Лицензияланған күзетпен 2 мыңға жуық, дабыл түймелерімен 2400-ден аса білім беру нысандары қамтылған.
Дегенмен, бұл жұмысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бірқатар өңірлер 2023 жылдың қыркүйегіне дейін толық аяқтауы қажет.
Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігіне толық тексеру жүргізу мәселесі ақпан айында өңір әкімдері орынбасарларының қатысуымен министрлік өткізген арнайы кеңесте қаралды.
Осыған орай бірнеше мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйым өкілдерінен құралған 162 мониторингтік топ 20 өңірде жұмыс істеуде. Бүгінгі күні мониторингтік топ 10 мыңнан аса білім беру ұйымдарының 7 мыңға жуығын қамтыды.
Comentários