Докторантураға қабылдау электрондық форматта, ал диссертацияларды қорғау онлайн-режимде жүргізіледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің Telegram-каналында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына түсу ережелері өзгертілді. Енді докторантураға қабылдау электрондық форматта жүзеге асырылады. Өткен жылы бұл тәсіл магистратураға қабылдау кезінде тиімділігін көрсетті», - делінген министрлік мәліметінде.
Сонымен қатар, пандемияға байланысты студенттер мен магистранттарға қорытынды жұмыстарын онлайн форматта қорғауға рұқсат етілді. Егер дипломдық жұмыс немесе магистрлік диссертация онлайн форматта қорғалған болса, студенттерден «мөр» мен «қолтаңба» талап етудің қажеті жоқ.
«Мұнымен қоса, енді барлық докторлық диссертация желіде трансляциялау арқылы онлайн-режимде қорғалатын болады. Бұл ғылыми жұмыстарды қорғау рәсімінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етеді», - деп аталып өткен хабарламада.
Автор: Руслан Ғаббасов
Commentaires