top of page
Search

Қазақстанда ресейлік университеттердің жаңа филиалдары ашыла ма

Қазақстан ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмысын жалғастырады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.


Ол ресейлік жоғары оқу орындарының дипломы Қазақстанда таныла беретінін атап өтті.

"Бізде білім туралы құжатты тану туралы екіжақты үкіметаралық келісім бар. Сол себепті біздің дипломдар Ресейде, ал Ресейдің дипломдары біздің елдің аумағында танылады. Бұл келісімді ешкім алып тастаған жоқ, ол өз күшінде. Ал басқа елдер үшін мен жауап бермеймін", - деді министр мәжіліс кулуарында.

Аймағамбетов қазақстандық студенттер қай елде тұрып, білім алғысы келетінін өздері шешетінін айтты.


Айтуынша, білім министрлігі Қазақстанда ресейлік университеттердің филиалдарын ашу бойынша әлі келіссөз жүргізіп жатыр.


"Түрлі жоғары оқу орнымен, соның ішінде МИФИ-мен келіссөз жүріп жатыр. Басқа университеттермен де, Баумен, Губкин атындағы университетпен келіссөздер болды. Бірақ әзірге мұның бәрі келіссөз деңгейінде. Өйткені университеттер өздерінің ұйымдастырушылық мәселелерін шешуі керек", - деді ведомство басшысы.

Министр ресейлік оқу орындарының филиалдары қазақстандық университеттердің құрамында ашылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Дәлірек айтқанда, МИФИ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен келіссөз жүргізіп жатыр. Ал осы жоғары оқу орындарында білім алған студенттер кейін екі диплом ала алады.



コメント


bottom of page