top of page
Search

Қазақстандық вакцина әзірлеген ғалымдардың жалақысы көтеріліп, баспана беріледі


ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева вакцина әзірлеп жатқан Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының жұмыс жағдайын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Ғалымдардың еңбекақысын көтеруге қаражат бөлінді. Республикалық бюджет комиссиясы жақында өтті және бұл шараны қолдады. Институттың ғылыми қызметкерлерінің орташа жалақысы 325 мың теңгеден басталады. Әкімшілік және қызмет көрсету персоналының жалақысы 250 мың теңгеге дейін болады», - деді Ж. Құрманғалиева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.


Ол биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін ғылыми зерттеуге 2022-2024 жылдары 2,8 миллиард теңге (жылына миллиард теңгеден) бөлінгенін атап өтті.


«Институт жанында ҒЗИ қызметкерлеріне арналған үш үй, жалпы көлемі 180 пәтер салынып жатыр. Жуырда ғана осы 180 пәтерге тұрмыстық техника, жиһаз және өзге де жабдықтар сатып алуға республикалық бюджеттен 293 миллион теңге бөлінді. Біздің ғалымдар мен институт қызметкерлері осы пәтерлерге кіргенде жайлы өмір сүру үшін барлық қажетті заттармен қамтамасыз етіледі», - деп атап өтті Ж.Құрманғалиева.


Автор: Айжан Серікжанқызы



#Ғылым #ҚР Білім және ғылым министрлігі #Коронавирус #Вакцина

Comments


bottom of page