top of page
Search

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында қандай өзгерістер болды


«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма басшысы Думан Жанпейісов биылғы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасындағы өзгерістер жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Биыл да бұл жұмыстар атқарылуда, жобаға қатысу туралы отандастарымыздан 3 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Олардың арасынан халықтың арнайы порталда дауыс беруі мен қазылар алқасының таңдауы арқылы жеңімпаздар іріктеліп шығады. Биылғы жылдың ерекшелігі – қазылар алқасы құрамына жобаның алдыңғы жеңімпаздарын қосу болды. Еліміздің дамуына мол үлес қосқан жандардың қазылық етуі процестің әділ әрі ашық өтуіне септігін тигізеді», - деді Думан Жанпейісов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.


Спикер барлық қатысушылардың ел тағдырына бей-жай қарамайтын, өз саласында еңбек етіп жүрген патриоттар екенін атап өтті.


«Өтінім беруге болатын білім, медицина, бизнес сынды салалардың қатарына экология саласы да қосылып отыр. Мұнда экологияны жақсартуға үлес қосқан жандар жобаға қатысуға өтінім беріп, өз кандидатурасын ұсына алады. Жалпы бұл жоба отанымыздың гүлденуіне қаншама адамның үлес қосып жүргенін көрсетті. Олардың қатары көбеюі үшін үлгі болардық жандарды көрсету – біздің міндетіміз», - деді институт өкілі.


Айта кетейік, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының IV маусымындағы халықтық дауыс беру 2021 жылдың 12 сәуіріне дейін ұзартылды. Жобасы іске қосылған кезден бастап, 4 жылдың ішінде 163 финалист анықталды. Биыл жоба Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өтіп жатыр.


Бұған дейін спикер Қазақстанның ашық университеті – «OpenU» жобасына 170 мыңнан астам пайдаланушы тіркелгенін айтқан еді.



Автор: Айжан Серікжанқызы


#Білім #Қоғам #100 жаңа кітап жобасы

Comentarios


bottom of page