top of page
Search

Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы қолданбалы бакалавриат


Қазіргі әлемде болып жатқан өзгерістер қарқынының жоғары болғаны сонша, үнемі жаңа мамандықтар пайда болып, ескі мамандықтар жойылып жатыр. Осы үдерістерден артта қалмау үшін әлемдік тәжірибеде білім беру жүйесі кәсіптік білім алу кезінде «қысқа цикл» деп аталатын қолданбалы бакалавриат бағдарламаларына көбірек көңіл бөле бастады. Қазақстанда қолданбалы бакалавриат жоғары колледждерде іске асырылды, ал 2022 жылдың қыркүйегінен бастап жоғары білім деңгейіндегі бағдарламалар да пилоттық режимде іске қосылды. Енді кәсіпорындар жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, өздері үшін нақты мамандарды дайындай алады, ал студенттер тікелей жұмыс орнында оқуға мүмкіндік алды.

Қолданбалы бакалавриаттың білім беру жүйесіндегі орны туралы толық және нақты түсінік болу үшін оның қолданыстағы нұсқасын 2011 жылы ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы қабылдаған Білім берудің халықаралық стандарттық жіктеліміне жүгінейік. Бұл жіктелім сегіз деңгейден тұрады: 0 – кіші жастағы балаларға білім беру, 1 – бастауыш білім беру, 2 – орта білім берудің бірінші кезеңі, 3 – орта білім берудің екінші кезеңі, 4 –орта білімнен кейінгі үшіншілік емес білім беру, 5 – үшінші білім берудің қысқа циклі, 6 –бакалавриат немесе оның баламасы, 7 – магистратура немесе оның баламасы, 8 – докторантура немесе оның баламасы.

Бұл жіктелімдегі бірінші деңгей әдетте бастапқы немесе бастауыш (primary) деп аталады. Одан кейін екінші деңгей (secondary) – бұл орта мектеп (БХСЖ бойынша 2-4 деңгей). Келесі бағдарламалардың барлығы үшінші білім беруге (tertiary) жатады және ол бесіншіден сегізіншіге дейінгі төрт деңгейден (мамандану тереңдігі мен күрделілігі бойынша) тұрады.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, қолданбалы бакалавриат орта білімнен кейінгі білім деңгейіне жатады (БХСЖ бойынша 4-ші деңгей), дегенмен әлемдік тәжірибеде ол үшінші білім берудің қысқа циклін құрайды (БХСЖ бойынша 5-ші деңгей). Қолданбалы бакалавриат білім алушыларға кәсіптік білім беруге және кәсіптік дағдылар мен құзыреттерді дамытуға арналған. Үшінші білім берудің қысқа циклінің бұл бағдарламалары әртүрлі аталуы мүмкін: мысалы, (жоғары) техникалық білім, community college education, technician oradvanced/higher vocational training, associate degree немесе bac + 2.

Қазақстанда қолданбалы бакалавриат бағдарламалары, егер олардың тиісті лицензиясы болса, жоғары колледждерде іске асырылады. Еліміздің жоғары оқу орындарында ол пилоттық режимде іске қосылды.

Қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламаларын университеттер жоғары білім беру бағдарламаларымен үйлестіре отырып, жоғары колледждің қолданбалы бакалавриат бағдарламалары негізінде әзірледі. Мұндай бағдарламалар, әдетте, жұмыс берушілердің бастамасымен жасалады.

Бұл ретте қолданбалы бакалавриатты жоғары колледж деңгейінде бітіргеннен кейін түлектер жоғары оқу орнының үшінші курсына түседі, яғни жоғары білім алу кезінде оқу мерзімі бір жылға немесе одан да көп мерзімге қысқартылады. Шындығында, бұл қысқа циклдің мәні сол – адамға қысқа мерзімде белгілі бір кәсіпті меңгеру мүмкіндігі беріледі. Осылайша, еңбек нарығының қажеттіліктеріне тез бейімделу тетіктері іске қосылады.

Сонымен қатар, мектеп және тіпті колледж түлектері мамандық таңдауда жиі қателеседі. Бұл аспектіде үшінші дәрежелі бакалавриаттың қысқа циклі шектесмамандықтан басқа мамандық бойынша оқуды жалғастыруға мүмкіндік береді.

Орта білім базасында қолданбалы бакалавриатта оқу ұзақтығы үш жыл, ТжКБ базасында – бір-екі жыл.

Қолданбалы бакалавриаттың түлектері ТжКБ бітіргеннен кейін жоғары оқу орындарына сабақтас мамандық бойынша қысқартылған оқу мерзіміне түсе алады. Жоғары оқу орнындағы қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламасының жұмыс оқу жоспары түлектерге қосымша бір жылдық оқудан кейін бакалавр дипломын алуға мүмкіндік беретіндей етіп жасалған.

Жоғары оқу орнының қолданбалы бакалавриат бағдарламалары ТжКБ бағдарламаларына қарағанда мазмұны жағынан күрделірек, бірақ сонымен бірге олар қысқа және әдетте бакалавриат бағдарламаларына қарағанда теориялық материалды аз қамтиды (БХСЖ бойынша 6-шы деңгей, яғни жоғары білім).

Жоғары колледждің қолданбалы бакалавриат бағдарламалары еңбек қызметіне дайындалуға арналған болса да, оларды аяқтағаннан кейін түлектер университеттің бакалавриат бағдарламаларында оқуын жалғастыра алады. Сондықтан пилоттық режимде колледждің қолданбалы бакалавриат бағдарламалары жоғары білім беру бағдарламаларымен барынша үйлестірілген. Сонымен қатар, негізгі компонент пәндерін, сондай-ақ бейіндік пәндерді оқу үшін жоғары колледждерге жоғары оқу орындарының оқытушылары шақырылады.

Қолданбалы бакалавриатта басты назар практикалық компонентке аударылады. Бұл жұмыс берушілерді білім беру бағдарламаларын әзірлеуге ғана емес, оларды іске асыруға да тарту есебінен қамтамасыз етіледі. Мәселен,

жоғары оқу орындарының қолданбалы бакалавриатының пилоттық жобасына Gas Processing Company, KMG Engineering, АрселорМиттал Теміртау, Proper Data Management, ҚазЦинкТранс, Hyunday Astana, Қазақтелеком, Industry Тourism Association of Central Asia және т.б. бизнес-қауымдастықтардың өкілдері қатысады.

Университеттердің қолданбалы бакалавриатының білім беру бағдарламалары кәсіпорындардың мамандарға деген қажеттіліктерін ескере отырып, олардың тапсырысы негізінде әзірленгенін атап өткен жөн. Оқу үдерісі кәсіпорындар базасында ұйымдастырылады – оқытушыларға оқу орындарына барудың қажеті жоқ, дуальды оқыту жүзеге асырылады, өндіріс қажеттіліктеріне кадрлар даярлау жүзеге асырылады. Осыған байланысты жүргізіліп жатқан пилоттық жобада машықтанып жүрген мамандарды оқу үдерісіне тартуда проблемалар жоқ.

Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер бойынша өндіріс мамандарына университет оқытушылары ретінде, мысалы, психометриялық тестіден өтуге қатысты талаптар жоқ. Бірақ сонымен бірге университеттерде педагогикалық шеберлік мектептері, тәлімгерлік мектептері жұмыс істейді. Студенттермен жұмыс істеуге қатысты мәселелертуындаған кезде кез келген адам оқудан, психологиялық тренингтен өте алады. Пәннің оқу-әдістемелік кешенін қалыптастыру үшін өндірістен мамандарға жас оқытушылар, магистранттар қатарынан цифрлық ассистенттер бекітіледі.

Сонымен, жоғары білім деңгейіндегі қолданбалы бакалавриат бағдарламалары бір жыл бұрын «Қазақстан тарихы», «Қазақ (Орыс) тілі» және «Философия» пәндерін міндетті түрде енгізе отырып, 120-180 академиялық кредит көлемінде білім беру бағдарламаларын әзірлеген және оқытудың практикаға бағдарлануының жоғары деңгейін қамтамасыз еткенжеті ЖОО-ның базасында пилоттық режимде іске қосылды.

Қолданбалы бакалавриаттың пилоттық жобасы мұнай-газ технологиялары, органикалық заттардың химиялық технологиясы, өнеркәсіптік кәсіпорындардың жылу энергетикасы, деректер инженериясы (Data Engineering), көлік, көлік техникасы және технологиясы, телекоммуникациялық байланыс жүйелері, туристік бизнес, бухгалтерлік есеп және аудит сияқты кадрларды даярлау бағыттарын қамтиды.

Оқуға түсу кезінде талапкерлер «Бизнес және басқару» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағдарламаларына үлкен қызығушылық танытты. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындары кадрларды даярлау бағытының ерекшелігін ескере отырып, қолданбалы бакалавриат бағдарламаларына қабылдау ерекшеліктерін пысықтады, өткен жылы жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар 150 талапкерді оқуға қабылдады.

Өткен жылдың нәтижелері бойынша пилоттық жобаның, әсіресе техникалық бейіндегі университеттерде табысты жүзеге асырылғандығын айтуға болады. Бірқатар жоғары оқу орындары кәсіпорындардың сұранысы бойынша қолданбалы бакалавриаттың жаңа білім беру бағдарламаларын ашу ұсынысымен жүгінуде.

Мысалы, ағымдағы жылы Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» кәсіпорнының тапсырысы бойынша 5B07102 «Цифрлық агрожүйелер» пәнаралық білім беру бағдарламасы ашылатын болады. Бұл білім беру бағдарламасына сұраныс өте жоғары, өйткені «МДТШ» ЖШС Шығыс Қазақстан облысының заманауи роботтандырылған технологияларды қолданатын агроөнеркәсіптік кешенінің жетекші кәсіпорны болып табылады. Осыған байланысты кәсіпорын жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы жабдықтарын қолдану дағдыларын меңгерген мамандардың болуына мүдделі.

Оқыту процесі Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың материалдық-техникалық базасын пайдалана отырып та, сол сияқты «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС базасында да жүзеге асырылатын болады. Білім беру үдерісін іске асыру үшін «МДТШ»ЖШС-да сабақ өткізу үшін арнайы аудиториялар дайындалды. Сондай-ақ, осы бағдарлама бойынша оқыту кәсіпорын есебінен жүзеге асырылатынын атап өткен жөн.

Әрине, қолданбалы бакалавриаттың пилоттық білім беру бағдарламаларын іске асыру барысында проблемалардың, атап айтқанда, құқықтық реттеу мәселелері бойынша проблемалардың туындайтыны сөзсіз. Сондықтан оқытудың бірінші толық циклі аяқталғаннан кейін түпкілікті нормативтік құжаттар бекітіледі. Халықаралық тәжірибеніполитехникалық колледждердің, кәсіптік институттардың, қолданбалы ғылымдар университеттерінің желісі дамыған Италия, Финляндия, Германия, Франция және т.б. халықаралық тәжірибені зерттеу өте маңызды. Бұл елдерде қолданбалы бакалавр дәрежесі өткен ғасырдың соңында заңдастырылды.

Егер біз жақын көршілеріміз туралы айтатын болсақ, онда ресейлік тәжірибеде 2010 жылдан бастап 33 орта кәсіптік және 16 жоғары кәсіптік білім беру мекемесінде қолданбалы бакалавриаттың эксперименттік бағдарламалары жүзеге асырыла бастады.

Жалпы алғанда, жоғары білім беру жүйесінде қолданбалы бакалавриаттың пилоттық жобасын іске қосу Қазақстанның өз азаматтарын қысқа мерзімді, яғни ХХІ ғасырдағы жұмыс орындарына қажетті кәсіби дағдыларды игерудің мобильді және өзекті бағдарламаларымен қамтамасыз ету ниетімен негізделген.

Бүкіл әлемде үшінші білімі бар халықтың үлесі, ең алдымен жастар есебінен біртіндеп артып келеді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліметі бойынша, 2019 жылы ұйымға кіретін елдерде 25-34 жас аралығындағы топта үшінші білімі бар адамдар 2000 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп болды.

Қолданбалы бакалавриат – бұл мамандық бойынша оқу бағдарламасын игеру ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық немесе технологиялық қызметтің әртүрлі міндеттерін шешуде құзыретті болу перспективасы. Бұл сондай-ақ жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бірден еңбек жолын бастауға кепілдік беру мүмкіндігі.

Қолданбалы бакалавриаттың міндеті – университетті бітіргені туралы дипломмен бірге түлектің қосымша тағылымдамасыз мамандық бойынша жұмысқа кірісуі үшін қажетті білімнің ғана емес, сонымен қатар практикалық дағдылардың жан-жақты жиынтығын алуы.


Г. И. КОБЕНОВА,

ҚР Ғылым және жоғары білім

министрлігі Жоғары және жоғары

оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы

 

АННОТАЦИЯ

С сентября 2022 года в Казахстане с целью ускоренной подготовки студентов к трудовой деятельности в пилотном режиме были запущены программы прикладного бакалавриата на уровне высшего образования. Теперь предприятия могут в сотрудничестве с вузами вести подготовку для себя конкретных специалистов, а студенты получили возможность обучаться непосредственно на производстве. Данная статья посвящена описанию и раскрытию особенностей прикладного бакалавриата и его места в системе образования страны.

Comments


bottom of page