Бүгін Қарағанды қаласында шетелдік ЖОО филиалдары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу шарасы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қарағанды облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен шетелдік ЖОО филиалдары көрмесі өтті, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Шараға Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Нұржан Ильяш, Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова, профориентатор Бақытжан Жұмашев пен еліміздің ЖОО өкілдері қатысып, жас түлектерге маңызды ақпараттар берді.
– Бүгін Қарағанды қаласында білім саласында маңызды шара өтіп жатыр. Бұл – Қазақстанда соңғы жылдары ашылып жатқан шетелдік ЖОО филиалдарының көрмесі. Жалпы 2022-2024 жылдары аралығында елімізде 23 шетелдік ЖОО-мен стратегиялық серіктестік орнатылған болатын, биыл тағы 11 серіктестік бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл – қазақстандық талапкерлер үшін керемет мүмкіндік, яғни біздің түлектер мемлекеттік грант негізінде Қазақстаннан тыс елге шықпай-ақ, өз елінде оқып жүріп халықаралық дәрежедегі дипломға ие бола алады, – деп атап өтті Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев.
Министрлік өкілі атап өткендей, шетелдік ЖОО филиалдары өңірлерде ашылуда. Ол үшін сол өңірдің өндірістік потенциалы мен қай мамандыққа тапшылықтары бар екені ескерілуде. Бүгінгі көрмеге елімізде ашылған шетелдік ЖОО филиалдардың барлығы келді.
Шара барысында қарағандылық жоғары сынып оқушылары мен олардың ата-аналары Қазақстанда ашылған шетелдік ЖОО филиалдарымен, оларға оқуға түсу және оқу талаптарымен танысты.
Ақтөбенің Zhubanov University базасында 2022 жылы ашылған шотландиялық HERIOT WATT UNIVERSITY-де бүгінде 600-ге жуық студент білім алуда. Жастар арасында қызығушылық бар, себебі бұл ЖОО-ның рейтингі жоғары, ал оқуға түсу шарттары жеңіл.
– HERIOT WATT UNIVERSITY-ге түсу үшін ҰБТ нәтижесі есепке алынады және де IELTS орнына университет өкілдері өздері ағылшын тілі бойынша емтихан қабылдайды. Сондықтан бұл жастар үшін керемет мүмкіндік. Бізде жатақхана мәселесі, басқа да жағдайлар қарастырылған. Бұл оқу орнының біздегі, Ақтөбедегі филиалынан басқа Малайзия, Дубай және Эдинбургта да бөлімшелері бар, біздің студенттер сол жақтағы студенттермен білім мен тәжірибе алмаса алады, – дейді Zhubanov University-дің «Математика» кафедрасының оқытушысы Асқарбек Иманшеев.
Көрмеге қатыстан оқушылардың пікірінше мұндай шаралар өте қажет.
– Мұндай көрменің ұйымдастырылғаны дұрыс, себебі көбіне біз мұндай мүмкіндіктер жайлы біле бермейміз. Өте керек нәрсе деп ойлаймын, әрі жиі ұйымдастырылса деген ұсыныс бар. Өзім үшін көптеген пайдалы ақпараттар алдым, шетелге бармай-ақ өз елімізде оқып қос диплом алу мүмкіндігі жайлы бірінші рет естідім. Және де менің таңдаған бағытым, яғни физика-математика бойынша бүгін көптеген ақпарат алып, қай университетті таңдасам екен деп ойланып қалдым. Керемет ұйымдастырылған шара болды, өзім үшін пайдасы зор, – деп бөлісті талапкер Анар Әлжаппар.
Айта кетейік, бүгін Қарағанды қаласында бастау алған көрме 15 күнге жалғасып, ары қарай Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан және Қызылорда қалаларында өтеді. Бұл бірінші кезең, кейін дәл осындай көрме басқа өңірлерде де өтеді.
Comments