Қарағанды индустриалды университетінде «Ғылым мен өндірістің интеграциясы» атты ғылыми-инновациялық хакатон басталды. Іс-шара ғылым мен бизнесті біріктіру мақсатында ғылыми қоғамдастық өкілдерінің, бизнес көшбасшыларының және академиялық ортаның басын қосты. Хакатонның негізгі мақсаты – еліміздің тау-кен-металлургия кешенінің алдында тұрған міндеттері, сондай-ақ университеттер мен ҒЗИ-дың бизнес-қоғамдастықпен өзара әрекеттесуі, ғылыми кадрлар даярлау тұрғысынан Қарағанды өңіріндегі ғылымды дамыту мәселелерін талқылау.
Қарағанды индустриалды университетінің жаңа корпусында өткен хакатонның салтанатты ашылуына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов, «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы Камиль Ақатов, «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әлия Сембаева, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов, «Qarmet» АҚ Бас директоры Вадим Басин, хакатонға қатысушы жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдар мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың ректорлары мен өкілдері, БАҚ өкілдері, профессорлық-оқытушы құрам, ҚарИУ қызметкерлері мен білім алушылары қатысты.
Холлда өндіріске енгізілетін ғылыми жобалардың көрмесі ұйымдастырылды. Онда қонақтар монографиялар, патенттер, мақалалар және оқу құралдары түрінде ұсынылған университеттің бай ғылыми әлеуетімен танысуға мүмкіндік алды. Көрме ғылыми әзірлемелердің қалай нақты инновациялық өнімдер мен технологияларға айналатынын көрсетті.
Хакатонның салтанатты ашылу рәсімінде ҚР ҒЖБМ министрі Саясат Нұрбек «Ғылыми-инновациялық хакатон – ҚР ғылымын коммерцияландыру форматы ретінде» тақырыбындағы қонақтарға арнап кіріспе сөз сөйледі.
«Мемлекеттің тапсырмасы бойынша біз ғылымды ірі өнеркәсіптік компаниялардың қажеттіліктеріне қарай өрістетіп жатырмыз. Негізгі міндет – біздің ғылыми ұжымдарымыздың, ғылыми-зерттеу институттарының, жетекші жоғары оқу орындарының күш-жігерін ірі кәсіпорындармен біріктіру және ғылыми тұрғыдан қайта қарауды қажет ететін жақсартуларды, технологиялық тұстарды анықтау».
Бұл жұмыс Қазақстан экономикасының негізгі драйвері – тау-кен металлургия саласынан бастау алады. Содан кейін ауыл шаруашылығы, телекоммуникация, энергетика және т.б. салаларға көшеді.
Министр хакатонның мақсаттары және ғылым мен жоғары білімді одан әрі дамыту жөніндегі жұмысы жайлы баяндап берді:
«Бүгінгі хакатонның маңыздылығы неде? Біріншіден, «Қармет» ірі кәсіпорны кәсіпорында жиналып қалған ескі технологиялық мәселелердің шешімін табады. Ғалымдар қолданбаның нақты нүктесін, мүмкіндігінше нақты тұжырымдалған ғылыми-техникалық тапсырманы алады.
Жасыратыны жоқ, отандық ғылым үлкен сынға ұшырауда: ол қолданбалы емес, ол ауыз толтырып айтарлық нақты нәтиже көрсетпейді, сондықтан біз өз моделімізді қолданбалы ғылымға, қарапайым заттар ғылымына қарай бағыттаймыз.
Күш-жігеріміз көбіне ғылымды қаржыландыруды ұлғайтуға, жаңа зертханалар ашуға жұмсалуда. Біздің жетекші политехникалық ЖОО – Сәтбаев университетінің өзінде соңғы екі жылда 20-дан астам жаңа зертхана ашылды. Біз Қарағанды облысына көбірек назар саламыз. Мұнда үш жетекші қуатты политехникалық университет бар. Қарағанды индустриялық университеті үлкен кәсіпорынның сұранысы бойынша құрылды. Енді біздің міндетіміз – өкінішке қарай үзілген, әлсіреп қалған өндіріспен арадағы байланысымызды қалпына келтіру, нығайту, оған жаңа серпін беру, жаңа технологиялар тудыру».
Қарағанды облысында таяу жылдары шетелдік университеттердің филиалдары ашылады:
«Қарағанды үшін біз қазір өте мықты университеттерді дайындап жатырмыз, бұл Қытайдағы ең көне политехникалық университеттердің бірі – Сиань политехникалық университеті, бұл Франциядағы ең көне тау-кен металлургия мектебі – Лотарингия университеті, сондай-ақ бұл біз қазіргі уақытта келіссөздер жүргізіп жатқан бірнеше американдық университет», – деп хабарлады Саясат Нұрбек. – Келесі жылы Қарағанды облысында біздің үш жетекші университетіміздің базасында жаңа өсу нүктелері пайда болады деп үміттенеміз».
Хакатонның ашылу салтанатында басқарма төрағасы – ҚарИУ ректоры Б. Жәутіков сөз сөйледі. Оның баяндамасы металлургиядағы ғылыми жетістіктер мен перспективалық зерттеулерге арналды.
«Бүкіл елдің болашағы мен Қазақстанның әл-ауқаты тау-кен металлургия саласындағы мәселелердің шешілуіне тікелей байланысты», – деп атап өтті Бахыт Жәутіков. – Бүгін бізде тау-кен металлургия саласының мәселелеріне арналған хакатон басталады.
«Qarmet» АҚ – бұл біздің университетіміз 60 жылдан астам уақыт бойы ынтымақтасып келе жатқан негізгі стратегиялық серіктесіміз. Негізінен біздің түлектер сонда жұмысқа орналады, ал мамандар бізге келеді. Биыл индустриялық PhD докторантураның жаңа білім беру бағдарламасы ашылып, оған осы «Qarmet» АҚ қызметкерлері түсті. Біз алдағы күндері егжей-тегжейлі мәселелермен айналысамыз. Арғыкүні «Qarmet» АҚ барлық технологиялық нысандарына үлкен сапар жоспарланған.
Хакатонның бірінші күнінде «Qarmet» АҚ дамуының ағымдағы және перспективалық сын-қатерлерін талқылауға және ғылыми міндеттерді тұжырымдауға арналған екі дөңгелек үстел өтті. Екінші күннің қорытындысы ретінде хакатон бағыттары бойынша прототиптер мен жобалық шешімдердің тұсаукесері өтеді. 27-қараша күні іс-шара соңында қатысушыларға «Qarmet» АҚ цехына экскурсия ұйымдастырылады. Кейін хакатонның шеңберінен тыс ғалымдар жүзеге асыруға таңдалған жобалар бойынша жұмысын жалғастырады.
Comentarios