Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына қойылатын біліктілік талаптарын жетілдіріледі. Соның аясында барлық жоғары оқу орындары үшін мемлекеттік білім беру гранттарының құнын ұлттық деңгейге дейін көтеру көзделген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында Премьер-Миниистрдің орынбасары Ералы Тоғжанов осындай мәлімет айтты.
«Білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі күні жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына (ЖЖОКБҰ) қойылатын біліктілік талаптарын жетілдіру шаралары қабылдануда. Тиісті бұйрық жобасы әзірленді, онда дайындық бағыттарының ерекшеліктерін ескеретін жеке талаптар көзделген. Мәселен, білім беру ұйымдарына қойылатын біліктілік талаптарының жаңа жобасында «Құқық», «Архитектура және құрылыс», «Денсаулық сақтау» және т.б. даярлау бағыттары үшін кадрларды даярлаудағы ерекшеліктерді қамтитын жеке 3 талап қарастырылуда. «Педагогикалық ғылымдар» кадрлар даярлау бағыты бойынша дуальды оқытуды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарымен жасалған шарттың болуы міндетті талапқа енгізілді», - дейді вице-премьер.
Сонымен бірге, Үкімет басшысының орынбасары өзі атаған бұйрық жобасында жоғары оқу орындарына «Архитектура және құрылыс» бағыты бойынша ақпараттық модельдеу технологиясын және т.б. іске асыратын арнайы бағдарламалық кешеннің болуы туралы талап енгізу ұсынылылғанын айтады.
«Жобада 2022 жылдан бастап жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша кадрлар даярлауды жүзеге асыратын оқытушыларға талаптар енгізу қарастырылған. Барлық жоғары оқу орындары үшін мемлекеттік білім беру гранттарының құнын ұлттық деңгейге дейін көтеру, бұл ретте қатардағы университеттер оқытушыларының жалақысын олардың деңгейіне дейін көтеру көзделген», - деп жазылған ресми жауапта.
Автор: Есімжан Нақтыбай
#Парламент #Білім #ЖОО-лар #Мәжіліс
Comments