Қаңтар айындағы ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау 29 желтоқсанда басталып, 6 қаңтарға дейін жалғасады.
Тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz. сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі.
Тестілеудің өзі 18 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді.
Бұл тестілеуге келесі тұлғалар қатыса алады:
Қалауы бойынша жоо-ға ақылы негізде оқуға қабылдану үшін орта білім беру ұйымдарының бітіруші 11 (12) сынып оқушылары;
Жоо-ға күндізгі оқу бөліміне ақылы негізде қабылдау үшін ҰБТ нәтижесі бойынша шекті балл алмаған, ҰБТ нәтижелері жойылған, бейіндік пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін ҰБТ нәтижелері бар тұлғаларды күнтізбелік жылы ақылы негізде одан әрі қабылдау үшін;
Жоо-ға ақылы негізде шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобы бойынша білім алушы және басқа білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген тұлғалар;
Жоо-ға ақылы негізде басқа білім беру бағдарламалары тобы бойынша білім алушы және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген тұлғалар.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады. Атап өтейін, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады. Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды.
«Осы өзгерістерді есепке ала отырып, біз жаттығу тестін іске қостық. Еліміздің білім беру орталықтарымен бірлесіп ҰБТ-ға дайындалуға арналған тегін онлайн-сабақтарды бастадық. Сонымен қатар оқу жылының басында ҰТО сайтында тест тапсырмалары құрастырылған әдебиеттер тізімі мен тест жоспары; «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі; «Информатика» пәнінен терминдер тізімі; «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды. Сондай-ақ барлық талапкер үшін тестілеуде компьютер экрандарында калькулятор, Менделеев және ерігіштік кестесі қолжетімді болады», - деді ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Тестілеуге қатысу құны – 5640 теңге.
Тестіленушілер ҰБТ-ға тіркелу кезінде тестілеу өтетін ОРЫНДЫ, КҮНДІ және УАҚЫТТЫ өз еркі бойынша таңдайды.
Қаңтар айындағы ҰБТ-ға тіркелу бойынша ең жиі қойылатын сұрақтарыңызға жауап ұсынамыз.
Comments