Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Қолжетімді интернет» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру жоспарлары қаралды. ҚР Премьер-Министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ұлттық жобаның негізгі мақсаты азаматтар мен бизнесті кемінде 100 Мбит/с деңгейінде жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз ету екенін баяндады.
Осылайша, 60 мың шақырым кабельдік телекоммуникация инфрақұрылымын салу арқылы 3 мыңнан астам ауылды интернетпен қамту жоспарланып отыр.
Шалғайдағы шағын ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін ғарыштық байланыс жүйесін пайдалану көзделіп отыр.
Сонымен қатар 17 000 шақырым республикалық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Ол үшін 480-ден астам тиісті антенна-діңгекті құрылыстарды орнату жоспарланып отыр.
Сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар мен кейбір облыс орталықтарында 5G ұялы байланыстың жаңа буыны енгізіледі. 2027 жылға қарай әрбір республикалық маңызы бар қала мен астананы қамту 75%-ды, ал облыс орталықтарын қамту 60%-ды құрайды деп күтілуде.
Ұлттық жоба аясындағы жекелеген бағыт – мектептердің интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта 3 063 мектепте Интернет жылдамдығы артты, ал 2023 жылдың қыркүйегіне дейін тағы 1 402 мектепте дәл осындай жұмыс жүргізілетін болады.
Интернет жылдамдығын арттырудың техникалық мүмкіндіктері жоқ 2 003 мектепке дейін талшықты-оптикалық байланыс желілері (ТОБЖ) жеткізілетін болады.
Comments