11.09.2024.
Қостанайда Baitursynuly University және University of Minnesota Morris арасында қос дипломды білім беру туралы меморандумға ресми қол қою рәсімі өтті. Computer science («Ақпараттық технологиялар») білім беру бағдарламасы бойынша білім алушылар оқу бітіргеннен кейін екі елдің дипломына ие болады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн-байланыс арқылы қатысып, өз сөзінде бұл саланың еліміздің болашағы үшін маңыздылығын атап өтті. Министр цифрлық экономика мен заманауи технологияларды игеру елдің дамуына тың серпін беретінін айта келе, екі жоғары оқу орнының ынтымақтастығының елімізге зор үлес әкелетініне тоқталды.
«Қос дипломды бағдарлама студенттерге екі университеттің білімін алу арқылы көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл халықаралық тәжірибе жинақтап, әртүрлі білім беру жүйелерінің артықшылықтарын игеруге жол ашады. Екі елдің дипломын алу болашақта кәсіби мүмкіндіктерді арттырып, еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етеді. Бұл – жастар үшін теңдесі жоқ мүмкіндік. Оны тиімді пайдалану үшін сапалы білім алып, үздіксіз өзін-өзі дамыту қажет. Сондықтан оқытушылар мен студенттерге білім беру жүйесінің жаңа мүмкіндіктерін барынша пайдалану үшін ынталы еңбекке бейімделу маңызды», - деді Саясат Нұрбек.
Миннесота Моррис университетінің ректоры Джанет Шрунк Эриксен бұл ынтымақтастықтың екі университетке де пайда әкелетінін және оның үлкен жетістіктердің бастамасы болатынына сенімді екенін айтты.
А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті студенттері үшін бұл ынтымақтастық әлемдік деңгейдегі білім мен тәжірибеге қол жеткізудің жаңа мүмкіндіктерін ұсынады.
«Машина жасау, энергетика және ақпараттық технологиялар факультетіміз халықаралық серіктестіктерін кеңейтуде. Машина жасау саласында Оңтүстік Кореямен, ал IT бағыты бойынша енді АҚШ-пен тығыз жұмыс істейміз. Бұл – маңызды әрі жауапты қадам. Ұжымды осы жетістікпен құттықтаймын!» - деді ҚӨУ ректоры Сейтбек Қуанышбаев.
תגובות