top of page
Search

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі пен Азия даму банкі студенттік жатақханаларды дамыту туралы меморандумға қол қойды

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Азия даму банкінің өкілдерімен кездесті, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 


ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі пен Азия даму банкі студенттік жатақханаларды дамыту туралы меморандумға қол қойды

Кездесуге шетелдік тараптан Қазақстандағы Азия даму банкі өкілдігінің директоры Утсав Кумар, Қазақстандағы Азия даму банкінің нарықтарды дамыту және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жөніндегі кеңсесінің директоры Клео Кававаки, сондай-ақ Қазақстандағы Азия даму банкі өкілдігінің нарықтарды дамыту саласындағы консультация беру жөніндегі аға маманы Хелен Стюард қатысты.


 Кездесу барысында студенттік жатақханалар құрылысындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Алматыда Satbayev University жанынан 5900 төсек-орынға арналған студенттік жатақханалар салу жоспарлануда.


Министрдің айтуынша, бүгінде жоғары оқу орындарының студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету жауапкершілігі күшейтілді. 2024 жылы министрлік жатақхананы қажет ететін студенттерді толыққанды қамтамасыз ету және олардың тұруына жағдай жасау бағытында жоғары оқу орындарының білім беру қызметіне қойылатын талаптарды күшейткені айтылды.


Сондай-ақ министр Қазақстанның жоғары білім және ғылым жүйесін дамытуға және нығайтуға бағытталған жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтып берді.


«Ведомство ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға қарай Қазақстанда жетекші шетелдік университеттердің филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл бастамалардың ішінде Орталық Азияда 2 миллиардқа жуық халқы бар өңірлерден жастарды тартуға ықпал ететін ғылыми-зерттеу академиялық хабын құру бар», - деді С.Нұрбек.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылғаннан бері ведомство алдында Қазақстанды өңірдегі баламалы білім беру және зерттеу орталығы ретінде орналастыру міндеті тұрғаны атап өтілді. Шетелдік серіктестердің көмегімен министрлік өңірлік мемлекеттік жоғары оқу орындарын халықаралық зерттеу университеттеріне айналдыруға ұмтылатыны айтылды.


Кездесу барысында екіжақты қатынастар мен ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды. Кездесудің қорытындысы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы және Азия Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасындағы бағдарламалық МЖӘ шеңберінде студенттік жатақханалар инфрақұрылымын дамытуға қатысты ниеттер туралы меморандумға қол қою болды.

Comments


bottom of page