Республика күні қарсаңында елордада «Үздік педагог – 2024» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Биылғы жылы аталған байқауға мектептер мен колледждерден барлығы 1750 мұғалім қатысып, оның ішінде 64 педагог өз ісінің үздігі болып танылды. Еліміздің бас ұстазы әріптестерін салтанатты жағдайда құттықтап, қоғамдағы ұстаз рөлінің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын қазақстандық ұстаздар халықаралық деңгейде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Мысалы, биылғы жылы біздің оқушыларымыз әлемдік беделді пәндік олимпиадаларда 26 медаль жеңіп алды және бұл жүлделердің екеуі алтын медаль екенін айта кеткен жөн.
Мерекелік шарада сөз сөйлеген Ғани Бейсембаев ұстаздың қоғамда жоғары орынға ие болуы керектігін атап өтті:
«Кейінгі бес жылда білім беру жүйесі түбегейлі өзгерді. Ең маңызды өзгерістер, ең алдымен, мұғалімдердің еңбек жағдайларын, сапалы білім алу үшін балаларға жайлы білім беру ортасын жасауға бағытталған.
Оның алғашқысы да маңыздысы – педагог қауымының жиырма жыл күткен «Педагог мәртебесі туралы» заңы қабылданып, қоғамдағы мұғалімнің рөлі артты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылы педагогтердің бірінші съезінде «Ұлт келбеті – ұстаз, ұстаз қандай болса, мемлекет сондай болады» деген қанатты сөзді алға тартты.
4 жылдың ішінде мұғалімдердің айлығы 100 пайызға, ал мектепке дейінгі тәрбие мекемелері қызметкерлеріне және колледждерге кәсіпорыннан тартылатын мамандарға төленетін айлық 30 пайызға өсті.
Сонымен қатар, әлемдегі ең беделді 7 халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарын дайындаған ұстаздарға қомақты сыйақы да қарастырылған. Ал 2012 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан "Үздік педагог" байқауының жеңімпаздарына 1000 айлық есептік көрсеткіш шамасында сыйақы тағайындалған.
Кеше ғана мереке қарсанында ел тарихында тұңғыш рет екі мұғалімге "Қазақстанның еңбек ері" атағы берілді. Елдің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін Алматы қаласы №4 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі Гүлжанар Молдакерімқызы Нұрпейісова және Орал қаласы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Эльмара Траисова жоғары атаққа ие болды.
Бүгінгі таңда "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" мемлекеттік наградасымен 70 ұстаз марапатталып, 688 әріптесіміз "Үздік педагог" атағын иеленді».
Сондай-ақ Республика күніне арналған салтанатты шарада оқу-ағарту жүйесінің бірқатар қызметкерлеріне «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдері, «Ы. Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері және басқа да ведомтсволық наградалар тапсырылды.
«Мемлекет күллі педагогикалық қауымдастыққа орасан зор сенім мен құрмет, қолдау білдіріп келеді. Бұл марапаттардың барлығы ұстаздардың еліміздің игілігіне, адами капиталды қалыптастыруға және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз адал еңбектерінің мемлекет тарапынан лайықты бағаланатынын және педагог мәртебесін көтерудің жаңа кезеңін айғақтайды».
Министр педагогтерді даярлау бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар мен білім беру бағдарламалары туралы айтып берді:
«Бүгінгі таңда педагогтерді даярлауға арналған білім беру бағдарламаларының 71,5%-ы заманауи талаптарға сәйкес жаңартылды, бұл болашақ мұғалімдерге инновациялық тәсілдер мен әдістерді пайдалана отырып, балалармен тиімдірек жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
«Білім берудегі өзгерістердің 1 000 көшбасшысы» жобасы табысты іске асырылуда. Бағдарламаның өткен жылғы түлектері мектеп директорлары болып тағайындалды. Осы жоба шеңберінде өткен жылы 208 педагог сертификатталды. Биыл да аталған жоба жалғасын тауып (1000-нан астам адам оқуды жалғастыруда), жаңа форматтағы басшылардың кадрлық резерві толыға түседі.
Ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріліп «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» табысты іске асырылуда. Бағдарлама жастарды тәрбиелеу ісіндегі «Адал азамат» идеясымен терең тамырлас. Осыған орай балалар мен жастардың бойына әділдік пен жауапкершілік, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық құндылықтарын дарыту арқылы адал еңбек пен қоғам игілігін алдыңғы орынға қоятын, адал, әділетті азаматтарды тәрбиелеуге бағытталуда».
«Құрметті әріптестер! Сапалы білім – еліміздің табысты болашағының негізі. Біз, ұстаздар, еліміздің оң имиджін насихаттайтын, саналы да толерантты заманауи ұрпақ қалыптастырудың қозғаушы күшіне айналуға тиіспіз. Сіздерге жас ұрпақты оқытудағы қажырлы еңбектеріңіз бен мамандықтарыңызға деген адалдықтарыңызға шын жүректен алғысымды білдіремін! Баршаңызды Республика күнімен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат және еліміз үшін қызмет етуде табыс тілеймін!» – деді министр.
Біздің редакцияның сұрақтарына Шымкент қаласындағы М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын № 8 мамандандырылған гимназиясының физика пәнінің мұғалімі Грязнов Юрий Петрович жауап берді. Оның педагогикалық өтілі 30 жылдан асады. Ю. П. Грязновтың оқушылары олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орындарға ие. Мәселен, 2023 жылы А. Азизбеков және Н. Кенжебай атты оқушылар қалалық кезеңде бірінші орынды, ғылыми – математикалық пәндер бойынша Президенттік олимпиадада Н. Кенжебай республика бойынша екінші орынды иеленді, ал Ш. Сәрсенов «Ұлы өнертабысқа алғашқы қадам» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Педагогтың өзі біршама алғыс хаттармен марапатталған, сондай-ақ Шымкент қаласында өткен «Үздік физика мұғалімі» байқауының Гран-при иегері (2022).
– Юрий Петрович, сіз балалардың физикаға деген қызығушылығын қалай қалыптастырасыз?
– Мұғалім өз пәніне құмар болуы керек, сонда ол оқушыларға да әсер етеді. Физика – тек формулалар мен тапсырмалар ғана емес. Бұл сонымен қатар құбылыстар әлеміне қызықты саяхат. Менің міндетім – оқушыларға осы әлемнің сұлулығы мен логикасын көрсету.
Мен күрделі ұғымдарды күнделікті өмірдің қарапайым мысалдары арқылы түсіндіремін. Теория практикамен бекітіледі. Біз есептер шешеміз, тәжірибелер жүргіземіз. Материалдың көрнекілігі үшін схемаларды, графиктерді, анимацияларды қолданамын.
Тақырыптарды бәрі бірден түсіне бермейді, сол үшін материалды әртүрлі тәсілдермен қайталап отыру маңызды. Мен оқушылардың материалды қалай меңгергенін үнемі тексеріп отырамын. Қосымша көмекті қажет ететіндер үшін жеке сабақтар өткіземін. Пәнге деген қызығушылықты сақтау үшін ерекше тапсырмаларды қолданамын.
Балалардың күш-жігерінен бөлек, ата-аналардың қолдауы да маңызды. Олар баланың жетістіктеріне қызығушылық танытып, оның оқуына көмектесуі керек.
– Өз тәжірибеңіз бойынша айтыңызшы, физиканы барлығы түсіне ала ма?
– Мен әр оқушыға сенемін және оның білімге деген ұмтылысын қолдаймын. Физиканы әркім түсіне алады. Ең бастысы – қалау және табандылық. Әрине, кейбірінің нақты ғылымдарға деген табиғи қабілеті болады, бірақ бұл маңызды емес.
Әр бала ерекше, сондықтан мен оның күшті және әлсіз жақтарын ескере отырып, бабын іздеймін. Кез-келген жетістігі үшін мақтаймын, тіпті кішкентай болса да. Әр оқушы үлгеріміне қарамастан құрметке лайық. Сабақтарда балалар сұрақ қоюдан тартынбайтындай сенім атмосферасын құруға тырысамын. Оқушылар өздерін жайлы сезінгенде, материалды жақсырақ меңгереді.
Қожантаева Ақмарал Ғабитқызы Ж. Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының химия пәні мұғалімі, PhD. «Үздік педагог – 2024» жүлдегері.
ҚР білім беру ұйымдары және жас педагогтарына арналған «Жас ұстаз:табысқа апарар жол» алаңында ұйымдастырылған «Жас педагог: өзге де сабақ» үздік тәжірибе деп бағаланса, Қазақстан Республикасы педагогтеріне арналған «Шамшырақ» онлаин алаңында жоғары біліктілікпен өткізілген тікелей эфирдегі сабағы алғашқы үздік үштікке енді. «Ғылыми жоба – ғылыми бастама» авторлық бағдарламасы республика көлемінде таратылды.
Оқушылары 2019 жылдан бастап қазіргі таңға дейін, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының 2020 күміс медаль, 2022 жылы алтын медаль, 2023 жылы күміс медаль, 2024 жылы алтын медаль жеңімпаздары және 2022 ж. Regeneron International Science and engineering fair 2022 дүниежүзілік ғылыми жобалар көрмесінің жеңімпазы атанды.
«Современное образование» журналының редакциясы ұстаздарды жоғары марапаттарымен құттықтайды. Отандық мектепті дамыту және қолдау мақсатында Оқу-ағарту министрлігі қабылдап жатқан шаралар, бүгінгі таңда есімдері бүкіл елге танылып жатқан ұстаздардың еңбегі мен жоғары біліктілігі, оқушылардың күш-жігері бүгінгі мектеп оқушыларын білім берудің барлық сатыларынан өтіп, нағыз кәсіпқой, жауапкершілігі мол, өз елінің өркендеуіне үлес қосатын сұранысқа ие мықты маман етіп тәрбиелеп шығарады деп сенеміз.
コメント