Тестілеу нәтижелері ҰБТ аяқталғаннан кейін бірден қолжетімді болады. Бұл туралы ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тағы бір артықшылығына тоқталсақ, тест нәтижесі жұмыс күнінің соңында емес, тестілеу нақты аяқталғаннан кейін бірден сол жерде қолжетімді болады. ҰБТ нәтижелерімен келіспеген жағдайда талапкер апелляцияға сол күні, яғни 30 минут ішінде өтініш беруге құқылы», - деді Ә. Тойбаев Орталық коммуникациялар қызметінде.
Білім министрлігінің мәліметінше, электронды ҰБТ нәтижелерін өңдеу барысында парақтағы ішінара боялған жауаптардың есептелмей қалуы сияқты техникалық қателердің болуы мүмкін емес. Тестілеудің бұл форматында оқушылар жауап парағын толтыруға уақыт жұмсамай, бұл уақытты тест тапсырмаларын орындауға пайдалана алады. Компьютерлік тестілеудің тағы бір артықшылығы – ҰБТ нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. Тестілеу қорытындысы бойынша жиналған ұпай саны экранға шығарылады. Сондай-ақ ҰБТ қатысушысы қандай сұрақтарға қате жауап бергенін бірден көре алады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу электронды форматта өтеді. Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі мәрте тапсыруға болады.
Таратылған мәліметке қарағанда, тестілеуге 4 сағат (240 минут) беріледі.
ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 балл жинай алады.
Автор: Руслан Ғаббасов
Comments