top of page
Search

ҰБТ-ға дайындалу үшін қандай жағдайлар жасалды

Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты одан әрі жақсарту мақсатында жағдай жасап жатыр, «Современное образование» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 


Оқу жылының басында ҰТО-ның сайтында ҰБТ-ға дайындалуға ұсынылған оқулықтар тізімі, үлгілік тест тапсырмалары, тест спецификациялары және жоспары жарияланды.


Талапкерлерге жылдағы дәстүр бойынша Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндерінен Тарих институтымен бірлесіп бекітілген 100 дата тізімі ұсынылды. Тестілеу барысында датаға қатысты кездесетін сұрақтар тек осы хронологиялық кестеден болады.


Сондай-ақ, ҰБТ-да «Қазақ әдебиеті» мен «Орыс әдебиеті» пәндерінен кездесетін шығармалар тізімі (мектеп бағдарламасынан), сондай-ақ «Информатикадан» ҰБТ сұрақтарында кездесетін немесе сұрақтың мазмұнын түсіну үшін қажет терминдер тізімі ҰТО сайтында орналастырылды.


ҰБТ-ға тіркелген талапкерлер тестілеудің күні, уақыты мен орнын еске салатын SMS-хабарламалар алатын болады.


ҰБТ-ға тіркелген әрбір талапкерге app.testcenter.kz ресми сайтына тіркелу кезінде көрсетілген телефон нөміріне SMS-хабарлама жіберіледі. Сондай-ақ, мұндай хабарламалар кәмелетке толмаған тестіленушілердің ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне де жолданады.


«ҰБТ тапсырушылар тестілеу өткізілетін күнді, уақытты және орынды ұмытып кетуі немесе шатастырып алуы мүмкін. Әсіресе, тіркелу барысында бірнеше рет өзгерту енгізетін талапкерлер арасында осындай жағдайлар кездеседі. Бұл ретте тестілеуге қатысу үшін өтініш берген кезде талапкерлер өздері үшін қолайлы тест өткізу параметрлерін таңдауға мүмкіндігі бар екенін атап өткен жөн. Бірде-бір талапкер маңызды емтиханды жіберіп алмауы үшін Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ өткізілетін күннен бір күн бұрын әрбір тестіленушінің нөміріне SMS-хабарлама жібереді», – деді ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Еске салатын SMS-хабарлама қызметі тестілеу процесінің барлық қатысушылары үшін барынша айқындық пен ыңғайлылықты қамтамасыз етуге бағытталған.


Естеріңізге сала кетейік, тестілеу туралы мәліметтермен талапкерлер ҰТО сайтындағы Жеке кабинетте немесе UTO қосымшасы арқылы таныса алады.



© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page