top of page
Search

Әлихан Смайылов Абай облысының шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Әлихан Смайылов Абай облысының шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен кездесті. ҚР Премьер-Министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Абай облысында жұмыс сапарымен болған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық мұражай-қорығының экспозициясымен танысып, өңірдің шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Сондай-ақ Премьер-Министр сапар барысында бірқатар іргелі медициналық орталықтарды аралады.


Премьер-Министрдің облыс зиялыларымен кездесуі барысында жаңа білім беру мекемелерін салу және жұмыс істеп тұрған білім ошақтарын дамыту, мәдениет және өнер саласындағы жобаларды жүзеге асыру, Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай іс-шаралар өткізу мәселелері талқыланды.


Сұрақтардың біріне жауап берген Әлихан Смайылов Абай облысында 300-ге жуық мәдениет және өнер ошағы бар екенін, онда 2 мыңнан астам адам жұмыс істейтін атап өтті. Бұған мұражайлар, мұрағаттар, кітапханалар, филармониялар, мәдениет үйлері және т. б. кіреді.

«Үкімет мәдениетті дамытуға үлес қосып жүрген қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде шаралар қабылдауда. Өткен жылдан бастап республикада мәдениет қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен көтеру басталды. 2025 жылға қарай жалақы екі есеге артуы тиіс», — деді ол.

Премьер-Министр алдағы уақытта мектептер салуды жалғастыру, студенттерге арналған білім беру гранттарының санын арттыру, облыстың жоғары оқу орындарын дамыту және оларда жаңа жатақханалар ашу жоспарларын белгіледі. Ол бұл қадамдар өңірдің мәдени әлеуетін көтеруге елеулі үлес қосатынын атап өтті.


Comentarios


bottom of page