Әуезов университетінде өсімдіктен электр қуатын өндіру жобасы қолға алынды. Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.
Жас ғалымдар жасыл желектің бойындағы фотосинтез процесі кезінде бөлінетін энергияны жинақтап пайдалануда. Яғни өскіндер күн шуағынан алған қуатының артығын топыраққа сіңіреді. Ғалымдар оны электродтар арқылы аккумуляторға қайта жинақтайтын тізбек құрастырған. Өсімдіктерден алынған қуат мөлшері әзірге гаджеттер мен қалта телефондарын қуаттауға ғана жетеді.
Жас өнертапқыштар қазір жобаны жетілдіру үстінде. Ғылыми ізденіс өсімдіктерден неғұрлым мол энергия өндіруді көздейді. Сол арқылы елімізде жасыл экономиканы дамытуға үлес қоспақ. Ғылыми жоба стартап байқауында үздік деп танылды.
«Бірнеше өсімдік түрлерін алдық. Соның ішінде ең қолайлысы бізге сансевиерия мен хлорофитум хохлатый өсімдік түрлері сәйкес келді. Өйткені бұл өсімдіктердің құрамында фотосинтез процесі өте қарқынды жүрді. Алдағы уақытта жоспар – дала өсімдіктерін пайдалану арқылы бұдан да үлкен қуатты энергия көзін алуға болатынын дәлелдеу», - деді М.Әуезов атындағы ОҚУ докторанты Маржан Сыздықова.
Comentarios